07 ақп, 2020 сағат 07:36

ШҚО-да көпбалалы аналар #Abai175 челленджіне қатысты

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданының көпбалалы аналары #Abai175 челленджіне қатысты, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, аймақ басшысы Даниал Ахметовтің Алтай ауданына жұмыс сапары барысында көпбалалы аналар Абай өлеңдерін оқып, эстафетаны Катонқарай ауданына жолдаған.

Айта кетерлігі, дәл осы Алтай ауданында аймақ деңгейінде бірінші болып «Алтай маржандары» атты көпбалалы аналар клубы құрылған еді. Осы клубтың көмегімен олар өз жоспарын жүзеге асырып, өңірдің қоғамдық өміріне атсалыса алады. Белсенділердің басты ұраны – «Біз біргемiз»!

Жалпы, #Abai175 челленджіне қаңтар айының аяғында Даниал Ахметовтің өзі үн қосып, эстафетаны Татарстан Президентіне жолдаған еді. Өз кезегінде Рустам Минниханов ұлы ақынның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңін оқып берген.

Еске сала кетсек, Ләйлім-Шырақ есімді 9 жастағы оқушының эстафетасын Президент іліп әкеткелі Абайдың өлеңі мен қара сөзін оқу дәстүрі бүгінде жарты әлемге тарап кетті. Арысы АҚШ, Франция мен Жапонияның, берісі түркі тілдес елдердің өкілдері үн қосқан челлендж әртүрлі сипат алып, дүниенің әр түкпіріндегі ниеттес халықтардың қолдауына ие болып жатыр.

Ләйлім-Шырақ Абай өлеңдерінен үзінді оқып, эстафетаны жалғастыруды Мемлекет басшысына жолдады. Оқушының бұл ұсынысын зор қуанышпен қабылдап, ақынның жастарды білім мен ғылымға шақыратын «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінен үзінді оқып, жауап берді. Осылайша, акцияға ақындар мен әншілер, әлемдік деңгейдегі актерлар мен түрлі елдердің елшілері іліп әкеткен болатын.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлыққа былтыр қол қойған болатын.