Шығыс Қазақстан облысында техникалық қызмет көрсету стансасының жұмысшысы клиенттің көлігін айдап кетіп жол апатына түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 тамыздан бастап өңір аумағында «Автокөлік» жедел алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат – көліктерді айдап әкету фактілеріне тосқауыл қою. Бірнеше күн ішінде криминалдық полиция қызметкерлері осындай 8 қылмысты ашқан.
«Мәселен, Алтай қаласының тұрғыны техникалық қызмет көрсету стансасына көлігін қалдырып кеткен. Алайда сол жерде жұмыс істейтін ер адам көлікті айдап кетіп, жол апатына түсті. Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, бөлімшеге жеткізген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Көп жағдайда қылмысқа жүргізушілердің көлік кілтін бейтаныс адамдарға беруі, есікті дұрыс жаппай немесе кілтті салонда ұмытып кетуі себеп болуда.