«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінің бірінде жұмыс істейтін әскери қызметші ефрейтор Қуандық Қанатов түнгі сағат 2-де жанып жатқан үйдің тұрғындарын эвакуациялауға қатысты, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Өрт бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында шығып, екінші қабатты да шарпыған.
Осы үйде тұратын ефрейтор Қ. Қанатов ерлік танытып, қызметі барысында өрт қауіпсіздігі бойынша алған біліктілігінің арқасында өрт сөндіруге және өртке оранған ғимараттан 15 адамды алып шығуға көмектесті. Ғимараттан 79 адам, соның ішінде 20 бала эвакуацияланды.
«Менің орнымда кез келген адам солай істеуші еді. Біз мұндай жағдайда бір-бірімізге көмектесіп, абдырап қалмауымыз керек. Дайындықтар кезінде жараланған әріптестерімізді ұрыс алаңынан эвакуациялайтынбыз. Бұл - менің әскери міндетім және азаматтық борышым», - деді Қуандық Қанатов.