Шығыс Қазақстан облыстық Өнер музейінде Абайдың 175 жылдығына орай «Ғасырларды тоғыстырған даналық» атты көрме ашылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
22 қаңтар күні ашылған көрмеде Қазақстанның танымал қылқалам шеберлерінің Абай тақырыбынан сыр шертетін туындылары қойылған. Атап айтсақ, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Сыдыханов Абдрашиттың «Абай Жолы. Абай анасының киіз үйі», Юрий Бакулиннің «Абайдың портреті», Нұрбұлан Өтепбаевтың «Абайдың портреті», Гүлнар Бекбердинованың «Абай және Семейге оқуға келген балалары», Мәди Кайырханның «Бала Абай», «Күз» сынды бірқатар туындылар көпшілік назарына ұсынылды.
«Бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттау, ұлы ақынның әлемін бейнелеу өнері арқылы дәріптеу. Музейдің 2 залына жалпы саны 21 картина қойылған. Көрме наурыз айының ортасына дейін жалғасады» дейді ШҚО Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева.