23 там, 2021 сағат 14:14

ШҚО-да 20 мың теңгеге вакцина паспортын сатқан 5 адам ұсталды


Шығыс Қазақстан облысында вакцина паспортын сатумен айналысқан медицина қызметкерлері ұсталды, ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары вакцина паспортын заңсыз дайындап, сатумен айналысқан бір топ адамды ұстады. Бүгінде Өскемен қаласындағы емхананың екі дәрігері мен делдал болған 3 азамат күдікке ілігіп отыр. 

«Деректер базасында ресми тіркелген бұл медициналық құжат үшін олар тұрғындардан 20 мың теңге және жеке куәліктің көшірмесін сұраған. Медициналық мекемеге барудың тіпті қажетті болмады. Делдалдардың әрқайсысы өзіне 3 мың теңгеден алса, қалған сома дәрігерлерде қалып отырған. Тергеушілер қанша адам вакцина паспортын осындай жолмен алғанын анықтап жатыр», - делінген ақпаратта.

Медицина қызметкерлері жалған вакцина паспортын 20 адамға ғана жасағанын айтуда. Алайда бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

«ҚР ҚК-нің 385-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу шеңберінде медицина қызметкерлерінің және оларға көмек көрсеткен адамдардың іс-әрекеттеріне тиісті процессуалды баға беріледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Вакцина паспортын заңсыз жолмен алған азаматтардан жауап алынуда», - деді департамент бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.