Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері 10 жыл бойы іздеуде жүрген қылмыскерді Алматы қаласында ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2011 жылы 4 адам Өскемендегі сауда үйлерінің біріне шабуыл жасаған. Олар дүкеннен 3,5 млн теңгесі бар сейфті ұрлап кеткен. Аталған қылмысқа қатысқандардың үшеуі ұсталып, сотталды. Алайда қарақшылардың бірі осы уақытқа дейін бостандықта жүрген.
«10 жыл өткеніне қарамастан криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні іздестіру жұмыстарын күшейтті. Нәтижесінде ер адам Алматы қаласында анықталып, ұсталды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Қазіргі уақытта 44 жастағы азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Алдағы уақытта ол Өскемен қаласына жеткізілетін болады.
Айта кетейік, осы жылдың бірінші тоқсанында тәртіп сақшылары іздеуде жүрген 46 қылмыскерді қолға түсірді.