10 там, 2020 сағат 14:07

ШҚО ақсақалдары Абай ескерткішіне тағзым етті

Семей қаласында Абай күніне орай ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Абай алаңында өткен шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қатысты. Аймақ басшысы жергілікті ақсақалдармен бірге хакімнің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар ол абаттандыру жұмыстары жүргізілген алаңды аралап шықты. Мұнда гүлзарлар қайта жаңартылып, шамдар ауыстырылған, әсемдік үшін ескерткішке түнгі жарықтандыру орнатылды. Бұдан бөлек, ескерткіш пен оның тұғыры жөнделіп, балалар мен спорт алаңдары салынған.

«Өңір бойынша бүгінде бірқатар мерекелік шаралар жоспарланып отыр. Абай ауданының тұрғындары облыстың шығармашылық ұжымдары ұйымдастырған «Абайға тағзым» концерттік бағдарламасын тамашаламақ. Жергілікті телеарналар Жидебайдағы Абай үй-музейінен тікелей эфир көрсетеді. Әр сағат сайын Қазақстанның әр аймағындағы мәдениет және өнер қайраткерлері ұлы ақынның өлеңдерін оқуда. Сонымен қатар Абай-Шәкәрім кесенесінің айналасында онлайн-экскурсиялар өткізілуде», - делінген ШҚО Ақпарат орталығының мәліметінде.