20 там, 2020 сағат 10:56

Шикізаттық емес өнім экспорттаушыларын қолдау шаралары қандай?

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов шикізаттық емес өнім экспорттаушыларын қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі күрделі жағдайда шикізаттық емес экспорттаушыларды қолдаудың проактивті саясатын жүргізудеміз. Өткен жылы 300-ден астам қазақстандық компания біздің министрліктің қолдауымен шетелдік 50 көрмеге қатысып, 114 млрд теңгеге 63 экспорттық шартты бекітті», - деді министр онлайн режимде халық алдында есеп беру кезінде. 

Оның сөзіне қарағанда, өңделген өнім өндірушілеріне жасалған мемлекеттік қолдау екі жылда 277 экспортқа негізделген кәсіпорынға өздерінің шығындарын 6,8 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді. 

«Осыдан үнемделген қаражатты олар өндіріс көлемін арттыруға инвестициялайды. Экспорттаушылар жеңілдікті несие мен экспорттық сақтандыруға қол жеткізуде. Тек өткен жылы «ҚазақЭкспорт» 100 млрд теңгеге 82 экспорттаушының шартын сақтандырды. Биыл 40 млрд теңгеге 52 экспорттаушы қамтылды. Осы жылы көрсеткіштерді былтырғы деңгейге жеткізуге ниеттіміз», - деді министр.