Астанаға Қытай, Иран және ТМД елдерінен 80 туроператор келіп, «Астана Конвеншн бюросының» ұйымдастыруымен өткен «Welcome to Astana» ақпараттық туры аясында шетелдік және отандық туроператорлардың диалогтық алаңы құрылды.
Үш күнге созылған «Welcome to Astana» ақпараттық туры аясында шетелдік меймандар Керей – Жәнібек хандардың, Кенесары ханның ескерткішіне, сонымен қатар «Барыс Арена», Назарбаев университеті және басқа да Астананың көрікті жерлеріне экскурсия жасады. Сол сияқты шаһардағы заманауи технологиямен жоғары деңгейде қызмет көрсететін ауруханалардың да жұмысымен танысқан шетелдік туроператорлар дөңгелек үстелде отандық операторлармен бас қосып, жақын қарым-қатынас орнатып, бірқатар келісімге келді.
– «Welcome to Astana» ақпараттық турының алғашқы екі күнінде біз Астанадағы қонақ үйлерді, медициналық, ғылыми, білім, спорт, мәдени нысандарды араладық. Қазақстан астанасының «Бәйтерек», «Нұр-Әлем» сияқты бірегей ғимараттарында болдық. Негізі Астана шетелдік туристер үшін қызыға қарайтын қалаға айналып отыр. Сондықтан біз де өз туристерімізді осында жіберуге мүдделік танытамыз. Туризм саласы бірлескен жұмысты талап етеді. Ол қалалар, елдер арасындағы достықты нығайтып, адамдарды жақындастырады, – дейді ресейлік экскурсия жетекшісі Вера Попович.
Жиын барысында «Астана Конвеншн бюро» ЖШС-тің бас менеджері Әсел Қарбаева қазіргі таңда Астанада туризм саласының түрлі бағыттарын дамыту шаралары қолға алынып отырғанын айтты.
– Астанада туризмді дамытудың мүмкіндігі мол. Бұл тұрғыда қаланың әлеуеті де ауыз толтырып айтарлықтай. Өйткені бүгінде көптеген әлем елдері елордамыз Астананы бейбітшілікке бастайтын ортақ пікір алаңы ретінде таниды. Халықаралық форумдар, конференциялар сияқты және басқа да ауқымды шараларға шетелдік мәртебелі меймандар көптеп келеді. Сол сияқты әлемге танымал мамандардың шеберлік сабақтарына қатысқысы келетіндер тағы бар. Туризмнің аталмыш бағытын дамыту жұмыстарына алдағы уақытта көп көңіл бөлінетін болады, – дейді Әсел Қарбаева.
Жиын барысында Астана қаласының әуежайынан әлемнің бірқатар ірі қалаларына тікелей жөнелтілетін халықаралық әуе рейстерінің көбейгенін тілге тиек еткен «Қазақтуризм» ҰК» АҚ маркетинг және РR департаментінің бас менеджері Даниел Сержанұлы шетелдік туроператорларға алдағы уақытта Астанадан бөлек Бурабай, Баянауыл сияқты Қазақстанның бірқатар табиғаты тамаша жерлеріне баруды ұсынды. Ал өз кезегінде Ақмола облыстық туризм басқармасы жанындағы Туристік ақпараттық орталығының жетекшісі Данияр Идиятов:
– Астанаға келген туристерді 250 шақырым қашықтықта орналасқан Бурабайға шақырар едім, өлкенің ғажайып табиғаты оларды тамсандырмай қоймайтынына сенімдімін. 2010 жылы автобан салынған болатын. Автокөлікпен еш кедергісіз жылдам жетіп баруға болады. Жалпы, туроператорларға біздің Бурабай жақта қызықты болады деп ойлаймын, – дей келе, шетелдік туроператорлармен осындай жүздесу ұйымдастырғаны үшін Астана қаласының әкімдігі мен «Астана Конвеншн бюросына» зор ризашылығын білдірді.
Жалпы, турға қатысқан шетелдік туроператорлар Қазақстан елордасы – Астана бүгінгі таңда әлемдегі туристік тұрғыда тартымды қала болып отырғанын алға тартады. Олай болса, біз де бас қаламызға келуге ниеттенген қонақтарға «Welсome to Astana» демекпіз.
Нұрдәулет КӘКІШЕВ