Үкіметте капиталды шетелден елге қайтару механизмін әзірлеу бойынша ұсыныстар талқыланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министр Әлихан Смайылов капиталды шетелден елге қайтару және елімізден қаражат шығарылуына қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шараларды күшейту жөнінде кеңес өткізді.
"Премьер-министр өкімімен комиссия және оның аясында бес жұмыс тобы құрылды. Жұмыс топтары ақшалай қаражаттың жылыстауы бойынша талдау жүргізіп, капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру, шектеу шараларын енгізу, шығарылған капиталды қайтару шараларын қабылдауға байланысты тиісті ұсыныстарды әзірлейді", - делінген хабарламада.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде валютаны бақылаудың кейбір функциялары жөнінде ұсыныстар талқыланды. Ынталандыру шараларының бірі - валюта түсімнің 80 пайызына айырбас жасалған жағдайда, қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларын оңайлатылған тәртіппен өтеу.
Сондай-ақ, резидент емес дивидендтерге төлеу кезінде салық жеңілдіктерін жою, резидент емес өзара байланысты тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеуді енгізу сияқты шаралар ұсынылады.
"Трансферттік баға белгілеу туралы" ҚР Заңын жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді. Одан бөлек, капиталды елге қайтаруды ынталандыру, сондай-ақ капиталды елден шығаруда салықтық әкімшілендіруді күшейту бойынша да шаралар пысықталып жатыр. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша ұсыныстар Мемлекет басшысының атына жолданатыны айтылды.
709 рет оқылды