07 қар, 2018 сағат 13:22

Шетелдегі қандастарымыздың 4000 оқушысы елден келіп білім алады - Тұрысбеков

Бұл туралы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары "Қасиетті қазақ елі" өнер фестивалі аясында өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

«Бізде Назарбаев Университетімен қатар, оның мектептері бар. Қазақстан бойынша 20 Назарбаев зияткерлік мектебі (НЗМ) жұмыс істейді. Олардың білім беру жүйесі үздік, яғни халықаралық стандартқа сай екені де белгілі. Қазіргі таңда НЗМ-мен келісім жасап жатырмыз. Сол келісім негізінде келесі жылы 4 мың қандасымыз, яғни оқушылар Қазақстанға келіп, НЗМ-де оқитын болады. Осы жоба аясында әлемнің түкпір-түкпіріндегі бауырларымызды қамтитын боламыз. Ондағы мақсат - білім беруден бөлек, оларды өзіміздің қазақ балаларымен таныстырып, жақын араластыру. Осыған ұқсас бізде жыл сайын 150 шетел қазақтарының балалары Ақмола облысындағы «Балдәурен» жазғы лагерінде демалады», - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Сонымен қатар, Зауытбек Тұрысбеков білім беру жобасы аясында қандастарымызға еліміздің көрікті және тарихи жерлерін көрсетіп, отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру бағытындағы шаралардың ұйымдастырылатынын айтты.

Өз кезегінде Зауытбек Қауысбекұлының бұл пікірі шеттегі қандастарымызға үлкен қолдау болатынын, ұлттықө руханиятымызды, қазақ тілін меңгеру, атажұртпен араластық пен ұрпақ сабақтастығы мәселелерінде өзекті екені айтылды.

Естеріңізге сала кетейік, осы кездесу барысында Қырғызстаннан келген қандасымыз ол елде қазақ мектебі жоқ екені туралы пікір айтып, көмек сұраған болатын.