Шетелде өмір сүретін этникалық қазақтарға рұқсат құжаттарынсыз Қазақстан аумағында жұмыс істеу мүмкіндігі берілмек. Бұл туралы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, комиссия отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қарастырылды.
«Шетелде тұратын этникалық қазақтарға тиісті рұқсатсыз Қазақстан Республикасында уақытша еңбек ету мүмкіндігін беру ұсынылады. Оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын анықтау бойынша құзыретті қайта бөліп, бұл қызметті миграция мәселелері бойынша өкілетті органға бекіту ескерілген. Қазіргі кезде осы құзырет Үкіметке тиесілі», - деді вице-министр.
Еңбек министрлігі оралман мәртебесіне қарамастан, этникалық қазақтарға жеңілдетілген тәртіпте ҚР азаматтығын беру құқығын ескеруді ұсынып отыр.
«Этникалық қазақтар ниет білдірсе, тұрақты қоныстануға және Қазақстан азаматтығын иеленуге рұқсатты алуға оның өтінішхатын қатар қарастыру мүмкіндігі ұсынылады. Бүгінде адамдар дәл сол пакетпен өкілетті меморгандарға екі рет баруы тиіс», - деді ол.
Сонымен қатар, ведомство оралман мәртебесін немесе тұрақты қоныстануға рұқсат пен ҚР азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлтын анықтау тетігін қайта қарастыруды ұсынып отыр.