28 қаң, 2019 сағат 13:18

Шетелде қазақстандықтардың қылмыстық жолмен тапқан 100 млн доллары бұғатталды

Шетелде қазақстандықтардың қылмыстық жолмен алынған 100 млн доллардан астам қаражаты бұғатталды. Бұл жайында «Казахстанская правда» газетіне сұхбат берген ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров атап өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың өзінде ғана сотталғандарды қайтару, беру және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша Бразилия, Моңғолия, Араб Әмірліктері, Украина елдерімен 7 келісімшартқа қол қойылды. Толықтай алғанда, алыс шет мемлекеттермен 63 екіжақты келісімшарт жасалған. Аталған келісімшарттардың арқасында 2018 жылы Қазақстан шетел мемлекеттеріне 123 қылмыскерді қайтарып, шетелден 70 адамды экстрадициялады», - деді ол.

Мәселен, Бас прокурордың дерегінше, өткен жылы адам өлтірген Н.Есенаманов пен Р.Нажаев Қырғызстаннан,  лаңкестік қылмысқа қатысы бар Е.Күншығаров Түркиядан, Ақтөбе облысында автобуста 52 адамның өртеніп кету оқиғасына қатысты О.Мехтиев Өзбекстаннан Қазақстанға жеткізілді.

Екіжақты келісімшарт болмаса да өткен жылы бірқатар мемлекеттен қылмыскерлер елге жеткізілді. Атап айтқанда, Грекия лаңкестік қылмысқа қатысы бар Д.Хайсинді, Германия ірі көлемде алаяқтық жасаған Б. Ибрагимов пен Х.Изгияевты және психотропты заттар контрабандасымен айналысқан Г.Леладзені Қазақстанға қайтарған.

«Шетелде қылмыстық жолмен алынған 100 млн доллардан астам сома анықталып, бұғатталды. Бұл жұмыстар жалғаса береді. Ағымдағы жылы мұндай келісімшартты Оңтүстік Корея, Куба, Грекия және Македониямен арада қол қоюды жоспарлап отырмыз», - деді Қайрат Қожамжаров.