03 мам, 2022 сағат 11:47

Шетел компаниясы Қазақстан кәсіпорындарына 248 млн доллар бөледі – Болат Ақшолақов


Энергетика саласында жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу конкурстарының 75 пайызы 3 ірі операторға тиесілі. Бұл туралы елордада «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарына арналған жиында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алудың жалпы көлемі 4,69 трлн теңгені құрады. Жергілікті қамту үлесінің орташа салалық көрсеткіші - 2,9 трлн теңге, яғни 61,8%. Оның ішінде тауарлар - 24,3%, жұмыстар - 76,4%, көрсетілетін қызметтер - 53,6%. Жалпы, сатып алу көлемінің шамамен 75%-ы 3 ірі операторға – Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг және Норт Каспиан Оперейтингке тиесілі. Сондай-ақ тағы 13%-ы «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобына және 12%-ы қалған жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі», - деді Ақшолоқов. 

Оның айтуынша, тауарлардағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Ол үшін министрлік екі бастаманы қолға алды. 

«Біріншіден, Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды, ол 3 ірі оператордың қажеттілігі үшін жергілікті тауарларды дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Екіншіден, «Шеврон» компаниясы өзінің республика алдындағы қайта инвестициялау міндеттемелері аясында Қазақстанның кірісті кәсіпорындарына 248,5 млн АҚШ долларын бөлуді қарастырып отыр», - деді министр.