21 сәу, 2022 сағат 13:45

Шетел инвесторлары Қазақстан нарығына аса қызығушылық танытып отыр – Атамекен


Қазіргі геосаяси жағдай Қазақстанның бизнес нарығына жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Райымбек Баталов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Геосаяси жағдайға байланысты бизнестің дамуында логистика бойынша мәселелер бар. Тауар, өнімді жеткізудің үзіліп, тоқтап қалуы - ауқымды проблема. Аталған жайттарды біз Үкіметпен бірге жедел штаб отырысы мен жұмыс топтары алаңында талқылап жатырмыз. Көптеген мәселе жедел шешіліп жатыр. Доллар бағамы да маңызды рөл атқарады. Жалпы алғанда, жағдай тұрақталып келеді. Бизнесті дамуында банк және қаржы секторының алатын орны ерекше. Қазақстан аумағында жұмыс істеген ресейлік банктермен проблемалар болғанын білеміз», - деді Райымбек Баталов елордалық кәсіпкерлермен кездесу барысында.

Сондай-ақ, ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы, елімізге шетел инвесторлары қызығушылығының артқанын айтты. 

«Басқа жағынан алғанда, геосаяси жағдай біз үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр деуге болады. Өйткені, бұған дейін қазақстандық бизнесте болмаған немесе аз үлесте болған салалар ендігі уақытта қолжетімді. Сонымен қатар, тек ресейлік немесе украиндық емес, басқа да шетел инвесторлары Қазақстан нарығына аса қызығушылық танытуда. Себебі Қазақстан - Қытай және ТМД нарығы арасындағы алтын көпір. Біз бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз қажет», - дейді ол.