Қазақстанда дәрі-дәрмек сатып алуда бірыңғай дистрибьютор болып саналатын «СҚ-Фармация» ЖШС шет елдерден келетін гуманитарлық көмекті қабылдап жатыр. Бұл туралы «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздегі төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен бірыңғай дистрибьютор шет елден келетін гуманитарлық көмекті қабылдаушы болып саналады. Біз АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия Біріккен Араб әмірліктері елдерінен гуманитарлық көмекті қабылдадық», - деді Б. Шәріп Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Оның айтуынша, гуманитарлық көмек арқылы дәрілік заттар мен сенсорлы термометр, пирометр, медициналық маскалар, бір реттік қорғаныс киімдері жеткізілген.
«Атап айтқанда 42 450 дана бір реттік қорғаныс киімін қабылдап, еліміздің медициналық мекемелеріне жеткіздік. 320 мың медициналық маска, өкпені жасанды желдету аппараттары мемлекеттік мекемелерге таратылды. Сонымен бірге, 13 сәуірде халықтың аз қамтылған бөлігі үшін 5 млн дана маска сатып алынды. Қазіргі уақытта Nur Otan партиясы, «Біргеміз» қоры волонтерлік ұйымдар арқылы бұл маскаларды тұрмысы нашар жандарға таратып жатыр», - деді спикер.