30 қар, 2016 сағат 09:02

Шешендік пен көсемдік

Биылғы жылы тәуелсіз ел атанғанымызға ширек ғасыр толады. Ширек ғасыр тарихи өлшеммен алғанда теңіздің тамшысындай болғанымен, Қазақстанның осы кезеңде жүріп өткен жолы ғасырлармен пара-пар екенін жұрт көріп те, айтып та жүр.

Біздің айтпағымыз – тарих үшін қас-қағым сәтке барабар осындай қысқа мерзімде дүние жүзіндегі дамыған елу елдің қатарынан көрініп, ендігі кезекте әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің санатына енуді көздеп отырған елімізді бір кездері алынбас қамалдай көрінетін биіктерге зор жігермен бастап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басқарудағы, алыс-жақын көрші мемлекеттермен қарым-қатынастағы ұтқыр да көреген саясатына, қажет кезінде қиыннан қиыстырып, сөз тауып, жол тауып кететін тапқырлығына, керек жерінде алмас қылыштай кесіп түсетін өткірлігіне, астарлы ойлары мен орынды әзіл-қалжыңдарына ден қою.

Елбасымыздың Ресей сияқты ежелгі көрші әрі алпауыт мемлекетпен тату болуға, алыс-берісті көбейтуге баса назар аударатыны белгілі. Алайда тәуелсіз Қазақстанның басшысы ретінде қажет кезінде принципшіл көзқарас ұстанатынын аталған елмен кездесулер мен келіссөздер жүргізу барысында үнемі байқалып отырады. Мысалы, кезінде Ресей Президенті болған Б.Н.Ельцин біздің Елбасымызға мынадай сұрақ қойыпты: «Нұрсұлтан Әбішұлы, экономиканың қазіргідей қиын кезінде астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру не үшін керек болды?». Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сізге, Мәскеуге жақын болу үшін» деп, астарлы әзілмен жауап берген екен.

Тағы бір әңгіме барысында Б.Н. Ельцин аса ірі мұнай қоры бар Каспий теңізіндегі кенішке қызығушылық танытып: «Нұрсұлтан Әбішұлы, осы кенішті Ресейге берсеңізші…» депті. Сонда біздің Президент: «Онда бізге Орынборды облысымен қоса бере қойы­ңыздар», – десе керек. Мұндай күтпеген жауапқа шамданып қалған Б.Н. Ельцин: «Сонда қалай, Қазақстанның Ресейге тер­рито­риялық талабы бар болғаны ма?» деп таңданған кейіп танытыпты. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Ресейге территориялық талабымыз жоқ. Жәй, Орынбордың бір кезде Қазақстанның алғашқы астанасы болғанын айтқаным ғой…» деген ұтымды сөзінен кейін қарқылдап күліп жіберіпті.

Каспий теңізінің маңайындағы шек­ара шебін бөлісу кезінде Ресей Президенті әділдікке құлақ асып, Қазақстан тарапының айтқандарына икемделе бастаған тұста ми­нистрлері Борис Николаевичті оңаша әкетіп, алдыңғы пікірінен айныта береді екен. Мұны байқап қалған Нұрсұлтан Әбішұлы бірде Б.Н. Ельцинге былай депті: «Борис Николаевич, біз осы неге өз министрлеріміз бен көмекшілеріміздің айтқанына көне беруіміз керек? Олардың міндеті ұсыныс беру ғана емес пе? Ақырғы шешімді мына біздер – президенттер қабылдауымыз керек қой!..». Осыдан кейін Каспий маңындағы шекараны бөлісу анағұрлым жеңілдеп әрі біздің пайдамызға қарай тез шешімін тауыпты. Және бір келіссөз барысында Б.Н. Ельциннің: «Каспий теңізіндегі Құрманғазы мұнай кенішін аға-іні болып бөлісейік» деген емеурініне Елбасы: «70 жыл аға-іні болып бөлістік қой, енді әділдікпен бөлісейік», – деп төте жауап қайырған екен.

Елбасы өзінің мәмілегерлік қасиетін «Байқоңыр» ғарыш айлағына қатысты келіссөздер барысында да көрсетті. Қазақ­стан­дық­тар жалға беруге 200 млн доллар сұрады. Ресей жағы мұны көпсініп, ғарыш айлағын Қазақ­станға қалдырғаны үшін айлақты тегін пайдалануды ұсынды. Ұзаққа созылған келіс­сөздерден кейін Б.Н.Ельцин 50 млн доллар төлеуге келіседі. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлының: «Борис Николаевич, жалдау ақысын 100 млн. доллар деңгейінде бел­гілейік, бұған қоса 15 млн доллар дос­тығымыз үшін болсын» деген орынды уәжіне Ресей Президенті келісімін берген екен.

Италияға барған бір сапарындағы ел басшыларымен кездесуінде айтқан мына бір пікірі де Президенттің астарлы ойын паш етеді: «К.Маркс «Капиталды» және «Манифесті» жазды. «Капиталды» алып қалдыңыздар да, елес болып басталған «Манифесті» бізге жібердіңіздер. Біз сол елестен әлі құтыла алмай жүрміз» депті. Шынында да солай ғой. Санада 70 жыл сайрандаған «коммунизм елесінен» құтылу оңай шаруа болып тұрған жоқ.

Астарлы оймен әдіптеліп, әңгімеге қатысушылардың көңілін бір серпілтіп тас­тайтын мұндай сәттерді Президент өмірінен көптеп кездестіруге болады. Айта берсек, Президенттің тапқырлығы мен өткірлігіне куә болатын мысалдар жеткілікті.

Елбасының мұхиттың ар жағындағы алып ел, алпауыт мемлекет – Америка Құрама Штаттарына сапары кезіндегі әңгімесі, дүниежүзінің № 1 державасының басшысы кіші Дж. Бушпен, оның әкесі, АҚШ-тың экс-президенті үлкен Бушпен тең дәрежедегі жарасымды әзіл-қалжыңы, қазақы сөз саптауы адамды өзіне еріксіз баурайды. Мысалы, АҚШ-қа ресми сапары кезінде кәдімгі қазақы салтпен алдымен үлкен Бушқа сәлем беруі, ал экс-президенттің Нұрсұлтан Әбішұлын құшақ жая қарсы алып, құрақ ұшып қонақ етуі, кіші Джордж Буштың ұйықтайтын төсегіне жатқызуы, біздің Елбасымызды өзімсіне сөйлеп, тілін алмаса, кіші Бушты, яғни ұлын белдікпен тартып-тартып алатынын айтып әзілдеуі, үлкен катермен ашық мұхитқа серуенге алып шығуы, бірге серуендеу үшін үй-ішін ақтарып жүріп, Нұрекеңнің аяғына шақ келетін кроссовка тауып беруі, Нұрекеңнің «Құдды құдаларымызға келгендей болдық қой» деп қалжыңдауы, Вашингтонда АҚШ Президентімен кездесуі, Америка басшысының Нұрсұлтан Әбішұлын ақжарқын көңілмен қарсы алуы – осының бәрі Елбасымыздың бойындағы қайталанбас қасиеттердің көрінісі емес пе.

Бүгінде ел, жер, тәуелсіздік туралы Пре­зи­дент Н.Ә. Назарбаев айтқан терең тол­ғау­лар халық арасында қанатты сөзге айна­лып, елдің жасын да, жасамысын да отан­шыл­дық­қа, елін, халқын сүюге тәрбие­лей­тін бағыт бо­л­ып отыр. Олардың бір парасы мынадай болып келеді:

– Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қай­нар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қай­сар­лы­ғын­да жатыр.

– Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.

– Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезімі­не бөленіп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүние жүзі білетін республика – Туын, Елтаңбасын, Гимнін ардақтап, құрметтеуге тиіспіз.

– Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек.

– Елдік те, ерлік сияқты сын сағатта танылады. Ел бірлігі – ең асыл қасиет.

– Қазақ тарихында бүгінгі ұрпақ ұялатын ешнәрсе жоқ – ол тұлпар тұяғымен жазылған.

– Тағдыр қазаққа қырын қарамаған: жер де берген, кен де берген, ел де берген, ер де берген.

– Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!

Бір таңғаларлығы, Елбасы қалың әлеумет алдында сөйлеген сөзінде үнемі халықтың дана сөздерін келістіре, қиыннан қиыстыра отырып, қағидаларды орынды әрі ұтымды қолданып, сөз мәнерін құбылта түрлендіріп, әрлендіріп пайдаланады. Соның арқасында ойлаған ойын толыққанды жеткізіп қана қоймай, оны тыңдаушысының құлағына құйып, санасына сіңіріп жіберетініне талай куә болдым. Тәлімді сөйлеп, тәжірибе көрсету деген осы шығар. Мәселен: «Бес саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деп мәтелдеуі, барлық ойға алған іске бірігіп, ұйымшылдықпен жұмыла кіріссек, алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ екендігін ұғындырып тұр емес пе. Немесе «Ырыс алды – ынтымақ» деуі де ауызбіршілік болса, қазанымыздың ортаймайтынын, несібеміздің шашылмайтынын, ырысымыздың арта түсетіндігін меңзейді. Енді бірде «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық», деп барша қазақстандықтарды бірігуге, бірлесіп еңбек етуге, тыныштыққа, бейбітшілікке шақырады.

Елбасымыз Алланың ақ жолын дәріптеп, елді мейірбандыққа шақыру жолында да көп еңбек сіңіріп, мешіттердің бой көтеруіне ықпал етіп келеді. Осы орайда Президенттің Меккеге сапарында болған оқиға ойға оралады. Барша мұсылманның Алла алдындағы бес парызының бірін өтейтін жері – Меккеде талайдан бері бір тамшы тамбай, қуаңшылық болып, ел жауынды зарыға күтіп отырғанда, Нұрсұлтан Әбішұлының барған сәтінде Алланың нұры жаңбыр болып жауып, табиғаттың мұндай құбылысына араб елі таң қалыпты.

Сондай-ақ, қасиетті Қағбада жөндеу жұ­мыс­тарының жүргізілуіне орай оған еш­кімнің кіруіне рұхсат берілмей отырғанда Сауд Арабиясының королі Фатх Әл Сауд Қазақстан Президентіне ерекше құрмет көр­сетіп, Қағбаның есігін ашып беріп тұрып: «Алла­дан тілек тілесеңіз қазір, қазір болмаса кейін тілегіңізді береді» деген болатын. Кейін қасиетті Қағбаны аралап шыққан соң «Алладан не сұрадыңыз?» деген сауалға Елбасының «Еліме, халқыма, қазағыма бе­ре­ке-бірлік, Алланың нұры жауғай» деп ті­ледім дегені мұқым қазақ жұртшылығының көкейінде әлі жүр.

2015 жылы Қытайдың Жапониядан азаттық алуына 70 жыл толуына орай Қытай жеріндегі ұлы тойға дүние жүзінің 20-дан астам мемлекеттерінің бірінші басшылары барды. Ресми кездесулердің барлығында мемлекет басшылары тобының көш басында үш басшы – Қытай елінің басшысы Си Цзиньпин, Ресей Президенті В.В. Путин және біздің Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жүрді. Алып қос державаның көршісі Қазақ елі Президентінің шоқтығы биік жоғары беделін осы жолы тағы байқадық. Бұған сүйсіндік. Әрі халқымызды осындай дана басшының басқарып отырғанына қуанып, тәубе дедік.

Қытай елінде жүргенде ана бір жылдары Елбасымыздың осы алып елмен шекара мәселесін талқылаудағы мәмілегерлік шеберлігі, шетін де нәзік осы проблеманы шешудегі тапқырлығы, екі тараптың да көңілінен шығатын ойларды ортаға тастай отырып, сол кездегі Қытай басшысы Цзян Цземиньмен ежелден сырлас адамдай тізе қосып, «Дударай» әнін бірде қазақ тілінде, бірде қытай тілінде кезек шырқасып, ақыры, сонау патшалық Ресей тұсынан, одан беріде кеңестік кезең кезінде шешімін таппаған қазақ-қытай шекарасы біржола, түбегейлі шешімін тапқанын еске түсірдім. Еске түсірдім де Нұрсұлтан Әбішұлының небір түйінді мәселелерді майдан қыл суырғандай айрықша ептілікпен тарқататын, дүниежүзіндегі мен деген көптеген басшылардың бойынан табыла бермейтін осындай қасиетіне әрі сүйсіндім, әрі бойымды өзіміздің Елбасымызға деген мақтаныш сезімі кернеді.

Президенттің өмірін қазақ эпостарында айтылатын «шапқан сайын өрлеген» сәйгүліктермен салыстыруға болады. Ауыздығымен алысып, бәйгенің алдын бер­мейтін қас жүйріктің өз бойынан та­был­­ған асыл қасиетін халқына да дарытып, аз жылдардың ішінде Қазақстанды дүние­жүзінің дүбірлі бәсекесінде алда жүрген елу елдің қатарына межелі 2030-дың орнына мерзімінен әлдеқайда бұрын қосты. Осы жетер деп, тоқмейілсімей, 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемдегі озық отыз елдің қатарынан көрінуі жолындағы дүбірлі бір жарысты және бастап берді. Бойындағы мұ­қалмас жігерді өзгелерге де дарыта білген дара тұлғаның бұл жарқын бастамасының да сәтімен сабақтасатынына еш күмән жоқ. Бұған оның ел ішіндегі күрмеуі қиын күрделі мәселелерді де, ауқымы кең әлемдік мәселелерді де шешудің өтімді тұстарын дер кезінде тап басып айтып, жұрттың бәрін әрі тәнті ететін, әрі бір серпілтіп тастайтын жарқын да алғыр мінезі куә.

Президент осылай деп қана қоймай, өзінің де үлгі-өнеге көрсетіп жүргенін жұртшылық білетін болар. Әсіресе 2015 жылы ол кісі қазақ тілінің мәртебесін айрықша биіктетті. Атап айтқанда жиырма жетінші қыркүйек күні Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен туған тілімізде баяндама жасады. Нұрсұлтан Әбішұлының БҰҰ-ның мәртебелі мінберінен сөйлеген сөзі сол замат халықаралық алты тілге аударылып, оны дүниежүзінен келген 193 елдің мемлекет басшылары тыңдады. Қазақтың құнарлы әрі шұрайлы тілінде экономикалық дағдарыстың күшейіп, дүние мың құбылып дүбірлеп жатқан тұстағы күрделі мәселелерді шешудің түйінді тетігі құлаққа құйылып айтылды. Сондай-ақ, жер бетінде бейбітшілікті сақтау, ХХІ ғасырда ядросыз әлем тұжырымдамасын жасау туралы ұстанымдар мен ұсыныстар, Қазақстанның ядролық жарылыстарға тыйым салған ел ретінде ядролық қарудан бас тартқан мемлекет екендігі Президент тарапынан қазақ тілінде жария етілгенін толғанбай айта алмайсың. Бұл қадам, сөз жоқ, Елбасымыздың Қазақ хандығының 550 жылдығына жасаған тамаша тарихи тартуы болғанын барша қазақстандықтар қуана қабылдады.

Елімен етене Президент бір сөзінде былай деген еді:

«Егемен болмай, ел болмас» дегендей, біз азаттық жылдарында шын мәнінде ұлы жолдан өттік. Тәуелсіздік кезеңі – біз үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат кезең. Кезінде Керей мен Жәнібекке ілесіп шыққан халықтың ұзын саны 200 мың шамасында екен. Бүгінгі күні сол қазақтың қатары жер жүзінде 15 миллионнан асып жығылды. Ал егер қазақ өткен ғасырдың ашаршылығына ұшырамаса, өткен соғыста қырылмаса қанша болар еді? Қазақтың өз ішіндегі береке-бірлігі күшті болуы керек. Данышпан Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген өсиетін әрдайым естен шығармайық, ардақты ағайын. Алда қандай сын-қатерлер күтіп тұрса да бірлігіміздің арқасында біздің болашағымыз бүгінгіден де жарқын деп кәміл сеніммен айта аламын», – деп еді. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі

төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор