15 қаз, 2019 сағат 11:58

Шекарадан заңсыз өткен азаматтар Зайсан қаласына жеткізіледі

10 қазанда Қытай азаматтары Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсақанға қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-бөлігінде қарастырылған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз өту» бойынша сотқа дейінгі тексеру басталды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

«Олар 14 қазанда Алматы қаласындағы Шекара қызметінің «Шығыс» өңірлік басқармасына шекарадан өту жағдайын анықтау үшін шақыртылған болатын. Процестік тәртіппен ұсталмады, қамау шаралары қолданылған жоқ. М. Әлімұлы мен Қ. Мұсақан «Шығыс» ӨБ ғимаратында өз еріктерімен қалды және оларға тамақ, жататын орын берілді», делінген хабарламада.

Ведмоствоның мәліметінше, олар 1 қазанда ҚХР-дан ҚР-ға шекарадан заңсыз өткендері туралы алдын ала айтқан.

«Осыған байланысты, шекарадан өту жағдайын анықтау, сондай-ақ болжамды құқық бұзған жерде процестік және басқа да тексеру іс-әрекеттерін өткізу үшін 15 қазанда оларды Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласына жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қ. Мұсақан 2006 жылғы 21 маусымда мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында Қазақстан-Қытай шекарасын бұзғандығы белгілі болды. Ол кезде тексеру жұмыстарынан кейін ҚХР-ға қайтарылған болатын», делінген хабарламада.

Шекара қызметі оқиғаның қолданыстағы заңнамаларына сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«ҰҚК Шекара қызметі ҚХР азаматтары М. Әлімұлы мен Қ. Мұсақанға қатысты сотқа дейінгі тексеру, олардың құқықтарының толық сақталуымен, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерге және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлайды», делінген хабарламада.