19 қыр, 2019 сағат 11:08

Шекарадағы оқиға: Қырғызстан мен Тәжікстан қосымша күштерді қайтаратын болды

Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы Уларбек Шаршеев 17 қыркүйекте шекарада болған оқиға бойынша Тәжікстанмен жүргізілген келіссөздердің қорытындысы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап.

Шаршеев келіссөздердің күрделі өткенін, бірақ бірлескен нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.

«Келіссөздер күрделі өтті. Бірақ, біз шиеленіске дейін, яғни 14 қыркүйекте болған жағдайға қайта келу туралы шешім қабылдадық және барлық қосымша күштер мен құрылымдарды олардың тұрақты орналасу пункттеріне қайта жіберетін болдық. Шекараны штаттық құрылымдар күзетеді. Сондай-ақ, ішкі істер органдары Тәжікстандағы Каларча елді мекені мен Қырғызстандағы Максат елді мекенін шиеленістерге жол бермеу мақсатында бірлесіп патрульдеу туралы келісімге келді», - деді ол.

Бұдан бөлек, Қырғызстан Шекара қызметінің басшысы оқты бірінші болып қай тарап атқанын әскери прокуратура мен ішкі істер органдары, сарапшылар анықтап жатқанын айтты.

Уларбек Шаршеевтың айтуынша, Тәжікстан тарапы шекара бекетінің құрылысын келісілмеген учаскеде жүзеге асырған.

«Менің тікелей өкілім, бірінші орынбасарым сол жерде қалды, олар күштер мен құрылымдардың алып кетуін бақылайды», - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, 16 қыркүйекте Қырғызстан-Тәжікстан мемлекеттік шекара учаскесінде атыс болған еді.