Қырғызстанмен шекарадағы хронометраж мемлекеттік кіріс органдары тарапынан кідіртудің жоқ екенін көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін қазақ-қырғыз шекарасында ұзын-сонар көлік кезегі қалыптасқанын жазған болатынбыз. Комитет бұған жеміс-көкөніс өнімдері маусымының басталуы, ҚХР-мен сауда-саттықты жаңарту және COVID-19 инфекциясына байланысты 5 өткізу пунктінің жұмыс істемей тұрғаны себеп болды деп түсіндірген.
Хронометраж барысында «Қарасу» (20-22 минут жұмсалды) және «Ақтілек автожол» (13-15 минут) бекеттерінде бір автокөліктің өту уақытын екі тарап - Қазақстан Республикасы мен Қызғызстан Республикасы растады.
3 маусымда «Қарасу» және «Ақтілек автожол» бекеттерінде Қазақстан мен Қырғызстан өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті. Хронометраж екі өткізу пунктінен өту кезінде ҚР-да салықтық бақылау үшін құжаттарды сканерлеу 3 минутты алатынын көрсетті, бұны екіжақты қол қойылған Хронометраж хаттамасы растайды.
«Сонымен бірге, «Ақтілек автожол» пунктінде хронометраж кезінде қырғыз дәрігерлері жүргізушілерден COVID-19-ға сынама алған, алайда тестілеу нәтижесін бермей шығарған. Жүргізушілердің айтуынша, хронометраж жүргізілгенге дейін оларды тестілеу нәтижесін күтуге мәжбүрлеген, ол өз кезегінде 30-40 минут уақыт алған. Олардың сөзін Қырғызстан Республикасы экономика министрінің орынбасары Эльдар Әлішеров растады» деп мәлім етті комитет.
Бұдан басқа, қырғыз жағындағы қарсы жолақпен кезектен тыс өту қызметін ұсынатын «өткізіп жіберушілер» әрекетіне Қырғызстан жүргізушілері наразылық білдіріп отыр.
Осы факті бойынша қырғыз тарапы өз ұстанымын білдірмеді.