Фото: instagram.com/shavkatrakhmonov94
Қазақстандық Шавкат Рахмонов (18-0) Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) UFC 310 турнирінде ирландиялық файтер Иэн Гэрримен жекпе-жекке шығып, төрешілердің бірауыздан шешімімен қарсыласынан басым түсті, деп хабарлайды Ult.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Ирландиялық файтер де бұған дейін ешқашан жеңіліп көрген жоқ еді. Қазірге дейін 15 жекпе-жегінің барлығында қарсыластарын қапы қалдырып кетті.
Бүгінгі жекпе-жек бес раундқа жоспарланған болатын. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіс Шавкатқа берілді.
Осылайша қазақстандық спортшы кәсіби мансабында он тоғызыншы мәрте жеңіске жетіп отыр. Ал Иэн Гэрри алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты.
Айта кетсек, бұл Шавкаттың төрешілер шешімімен жеңіске жеткен алғашқы жекпе-жегі. Бұған дейінгі сайыстарда ол жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Ендігі кезекте Шавкаттың орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мухаммадпен (24-3) жекпе-жегі өтуі мүмкін. Алғашқы олардың жекпе-жегі бүгінгі турнирге жоспарланған еді. Дегенмен америкалықтың денсаулығына байланысты ол өтпей қалды.
Еске салсақ, бұдан бұрын UFC-дің YouTube арнасында қазақстандық Шавкат Рахмонов (18-0) пен ирландиялық Иэн Гэрри (15-0) арасында өтетін жекпе-жекке арналған фильм жарық көрді.