Жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (15-0) UFC-дегі төртінші жекпе-жегінде жеңіске жетті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
27 жастағы Рахмонов Лас-Вегастағы UFC Vegas 57 турнирінде промоушеннің 34 жастағы ардагері, америкалық Нил Мэгнимен өзара мықтыны анықтады.
Бірінші раундта қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері айқын басымдық танытты. Отандасымыз екінші раундта да шабуылын тоқтатпай, қарсыласын ауыр соққының астына алды. Ал, раунд аяқталуына үш секунд қалғанда қылқындыру әдісімен жеңді.
Осылайша Рахмонов UFC-дегі төртінші кездесуінде қарсыласының осал тұсын тауып отыр. Ал Мэгни UFC-де 27-рет октагонға шығып, сегізінші рет жеңілді.
Айта кетейік, Шавкат лигадағы төртінші айқасы аяқталған соң мәлімдеме жасады.
"Дана Уайт, менің есімімді есіңде сақта! Мен UFC чемпионы боламын. Бір-екі жылдың ішінде чемпионы боламын!", - деді ол.
Сондай-ақ, Рахмонов жарқын жеңісінен кейін алдын ала келісілген табысынан бөлек, "кештің үздік айқасы" ретінде аталған промоушеннен 50 мың АҚШ долларын алмақ.
Еске салайық, отандасымыз 16 кездесудің бәрін уақытынан бұрын жеңіспен аяқтаған.