Фото: rudnyi-altai.kz
Отандық шаруаларды қолдау үшін Үкімет резервінен 116 млрд 772 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Премьер-министр тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаражатты 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу, сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін аграрлық-өнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған.
«Бұл әрі қарай елімізде өндірілген және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссияны арзандату үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады», - делінген Үкімет хабарламасында.
Айта кетейік, Президенттің ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын қаржыландырудың көлемін арттыру мақсатында алғашқы 100 млрд теңгені 2024 жылдың желтоқсанында бөлген болатын.