Фото: primeminister.kz
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов ел аумағындағы хостелдер мен жатақханалардағы қауіпсіздік жағдайын қадағалауға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Жатақханалардың өзіндік классификациясы бар. Бұл ретте осы нысандар үш типке бөлінеді. Жоғары, орташа, төмен тәуекелдегі нысандар болып жіктеледі. Біз тұрғындар саны 2 мыңнан астам жоғары тәуекелдегі жатақхананы тексереміз, тиісті жоспар бойынша бұл жұмыстар атқарылып жатыр. Шағын және орта бизнеске қысым болмауы үшін бізде басқа категориялар қамтылмаған. Сол себепті бұл мәселені басқа жолмен шешіп жатырмыз, яғни барлық жатақханалар (шағын нысандар) мен хостел бойынша «Жатақхана» акциясын ұйымдастырдық. Бұл тұрғыда біздің мамандар мен ішкі істер органдарының өкілдері бірлесе аталған нысандарды аралап, өрт қауіпсіздігін түсіндіріп жатыр», - деді Шәріпханов Сенаттағы парламенттік тыңдаудан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар тілшілер жеке тұрғын үйлердің аумағында рұқсатсыз салынған жатақханаларды тексеру мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды.
«Осындай нысандарда өрт қауіпсіздігі жағдайын қадағалау тұрғысында мемлекеттік органда белгілі бір қиындықтар бар. Өрт қауіпсіздігінің қызметкерлері жекеменшік нысандарға тікелей барып, тексере алмайды. Тексерулер тек тәуекелі жоғары нысандарда ғана іске асырылады және тиісті бекітілген ережеге сәйкес атқарылады. Атап айтқанда, тұрғын үйлерді, коттедждерді хостелге айналдыру арқылы кейбір тұрғындар осыдан табыс алып отыр. Өкінішке қарай, мұндай нысандар күн сайын көбейіп келеді. Қауіпсіздік ережелері сақталмағандықтан, олар тұрғындардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесе тиісті жұмыстарды бастап кеттік. Себебі адамдар ешбір рұқсат құжаттарынсыз өз еркімен нысандарды басқа мақсатта пайдаланып жатыр. Ал шағым болмаса, осындай ғимараттарды тексеру қиынға түседі. «Жатақхана» акциясы аясында осындай хостелдерді қамтуға тырысып жатырмыз», - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, қазір ел өңірлерінде «Жатақхана» акциясы өтіп жатыр. Бұл ретте өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылған. ТЖ департаменті қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер арасынан мобильді топтар құрды. Профилактикалық іс-шаралар барысында электр сымдарының, газ, жылыту және электрмен жылыту пештерінің жай-күйіне, сондай-ақ эвакуациялау жолдарына ерекше назар аударылады.