12 ақп, 2021 сағат 11:55

«Шариғаттан аттамадым». Шымкентте шырақшы қабірлерді қиратқан

Мазарды мазаққа айналдырған. Шымкентте зират шырақшысы қабірлердің басына орнатылған көк тастарды бүлдірген. Құлпытасқа салынған сурет пен қоршау "дінге жат" деген шырақшы бейнелерді қашап өшіріп, қоршауларды алып тастаған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Бақилық болған туған-туысына құран бағыштауға келгендер полицияға арыз түсіріп, "кінәлілер жазалансын" дейді. Бейітте бес туысы жатқан Нүрия Ғабдулина мазардың бүлінгенін жақында ғана біліпті. Анасы мен ағасына қойылған көктаста марқұмдардың суреті салынған екен. Сол бейнелерді бәзбіреу қашап тұрып өшіріп тастаған. Тіпті көктасты талқандағаны былай тұрсын, қабірге қойылған қоршауларды да алып тастаған.

"Не суреті, не қоршауы жоқ екенін 3 ақпан күні көре сала, полицияға арыз бердік. Бір аптадан кейін келсек, тағы бір қабірдің басындағы бейнені қашап тастаған. Сонда бұлар қазірге дейін бейітті аңдып, марқұмдардың ескерткішін қорлап жүр", – дейді Нүрия Ғабдулина.

Мұсылман мазарында жүзден астам адам жерленген. Ескілері жәй төмпешік болып қалса, кейінгілерінің басына көктастан ескерткіш қойылған. Құлпытастағы жазу сол күйі тұр. Ал марқұмдардың суреті мен жан-жағындағы қоршауы бұзылған. Қазір мұнда 10-нан астам қабірдің тас-талқаны шыққан.

Светлана Ғабдулина тастағы бейнелер қалай болса, солай қашап өшірілгенін айтады.

"Мысалы, мынау менің әкеме қойылған көктастың астындағы іргетасына дейін жұлып алып тастаған да, плитасын жерге қадай салған. Тіпті туған және өлген күні көрінбей қалыпты", – дейді ол.

Құлпытастарды қиратып, аруақтарды қорлады деген осы зираттың шырақшысы болып шықты. 37 жылдан бері айналадағы бірнеше қорымға қарайлап жүрген ол өлгендердің тасына сурет салып, қоршау салған дұрыс емес деп санайды. Тіпті, мұндай нәрсе әруақтарды қинайды деген ақсақал мен оның жамағаты көктасты қашау үшін арнайы аппараттармен жұмыс істепті.

"Сурет пен ит бар жерге періште келмейді. Мұндайда әруаққа қанша құран бағыштап, құдайы ас берсең де, сауабы болмайды. Сондықтан біз түсінген адамға жақсылық жасап жатырмыз. Бұл уағызда айтылады. Біз имамдармен кеңесіп, көпшілікпен ақылдасып, осылай шештік", – дейді шырақшы Юлдаш Расулметов.

"Өзім білемдікке" салынған шырақшы құлпытастардағы бейнелерді өшірумен былтырдан бастап айналыса бастаған. Тіпті жақынын жерлеуге келгендерге де "бейнесі жоқ белгі қойыңдар" деп үгіттейді екен.

Бүлінген бейіттердің ішінде мына қабір де болған. Құлпытаста фото болмауы керек деген шырақшы мен оның жамағаты фотоны қырып тастаған. Тек, марқұмның туыстары шағымданған соң, бәрін қалпына келтірген. Қазір қоршауда, құлпытастағы фото да қаз-қалпында тұр.

"Шариғаттан аттамадым" деген шырақшы енді осы істегеніне жауап береді. Полиция "өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерді қорлау" бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.