24 қаз, 2019 сағат 18:37

Шәмшідин Пәттеев пен Жүсіпбек Қорғасбек жаңа қызметке тағайындалды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматыда бірқатар тағайындау жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін қазақтілді басылымдар үшін маңызды бірқатар тағайындаулар жасадым. Алдымен, құрамына «Жас өркен» ЖШС біріктіру арқылы қайта құрылған «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры етіп Шәмшідин Пәттеевті қайта тағайындадым. Шәмшідин Әшенқожаұлы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, баспасөз саласында елімізге белгілі кәсіби менеджер. Серіктестік баспасөз саласын, оның ішінде, балалар баспасөзін дамытуда үлкен еңбек атқарып келеді», - деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев facebook парақшасында.

Сондай-ақ, министр алдағы уақытта да жасалған құрылымдық өзгерістер нәтижесімен оқырмандарын тың дүниемен, қызықты, тартымды ақпараттармен сусындата беретініне сенетінін жеткізді.

«Сонымен бірге, ғасырлық тарихы бар, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы қаласындағы редакциясының басшысы лауазымына Жүсіпбек Қорғасбекті тағайындадым. Жүсіпбек Нұрақынұлы елімізге белгілі журналист, еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» басылымдарында еңбек еткен. 2008 жылдан бастап «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры қызметін абыроймен атқарып келді. Серіктестіктің құрамындағы «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері, «Ақ желкен», «Балдырған» журналдары еліміздегі барлық балалардың сүйікті басылымдарына айналды. Бұл ұжымның табанды еңбегінің жемісі деп білемін», - деді министр.