14 там, 2020 сағат 11:35

Шәмші Қалдаяқовтың мерейтойына орай ел өңірлерінде өтетін шаралар

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 15 тамыз күні танымал композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған бірқатар онлайн іс-шара өтетіндігін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атап айтқанда, мерейтой Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі әзірлеген Халықаралық Шәмші әндері фестивалінің онлайн-көрсетілімімен бастау алады. 

Отырар ауданының Шәмші Қалдаяқов туған өлкесінде бүгін сағат 15:00-де композитор өмірге келген, қайта жаңартылған музей-үйінің ашылу салтанаты өтеді. Ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов қатысады. Кейіннен осы жерде композитордың ескерткішіне салтанатты гүл қою рәсімі болады.

Айтулы күні «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» жанындағы «Концерттік-гастрольдік қызмет орталығы» «Менің Қазақстаным» халықаралық музыкалық челленджінің тұсауын кесіп, жыл соңына дейін жалғастырмақ. Бұл музыкалық марафонға қазақстандық белгілі әртістер мен актерлер, спортшылар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, алыс-жақын шет елдердегі қандастарымыз бен күллі отандастарымыз атсалысады деп күтілуде. 

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің Youtube арнасы арқылы «Жаз әуендері» жобасы аясында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Ән падишасы – Шәмші аға» атты онлайн-концерті көрермендерге ұсынылмақ. 

Ұлы музыканттың шығармашылығын жақсы көретіндер министрліктің Youtube арнасында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының «Қазақ вальсінің королі» концертін көре алады. 

Мерейтойлық шаралар кезегін Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жалғастырып, ел назарына «Қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқов» виртуалды онлайн-көрмесін ұсынады. Одан басқа, ҚР Ұлттық кітапханасының әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен «Менің Қазақстаным» атты концерті өтеді. 

Ш. Қалдаяқовтың 90 жылдығын мерекелеу шараларына Зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған республикалық кітапхана да атсалысады. Ұйым көрермендерге «Ән-аға» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырмақ. Кейіннен оқырмандарға «Қазақстанның халық артісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл» атты музыкалық видео-дәрісін сыйламақ. 

Айта кетейік, биыл композитордың мерейтойын мерекелеуге арналған министрліктің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында тұңғыш рет Қазақстан суретшілерінің шығармашылық жұмыстары негізінде «Шәмші әлемі» атты онлайн мультимедиялық көрме ұйымдастырылады. Жоба нәтижесінде шығармашылық жұмыстардың каталогын шығару көзделген. 

Аталмыш жоба аясында Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы мен қазақ ән өнерінде қалдырған ауқымды мұрасы еліміздің барлық өңірлерінен жиналған суретшілердің туындыларында бейнеленетін болады. 

Одан бөлек республикалық музейлер мен кітапханалар шетте қалмайды. Өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында көрермендер назарына композитордың өміріне арналған виртуалдық көрмелер мен онлайн-лекцияларын ұсынбақ. 

Мәселен, 15 тамыз күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ресми парақшаларында режиссер, сценарист, әнші-композитор Оралбек Сарыбасовпен музыкалық онлайн-сұхбат өтеді. Сондай-ақ музейдің онлайн көрермендерінің арасында композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған Muzei Time тест-сауалнамасы ұйымдастырылмақ. 

Мерекелік бағдарлама бұнымен тоқтап қалмайды. 

17 тамыз күні ҚР Ұлттық музейінің қорындағы Ш. Қалдаяқов мұрасы туралы бейнесюжет шығып, 26 тамызда «Қазақ музыка тарихындағы бірегей тұлға» атты бейнеэкскурсия, Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен «Қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқов» виртуалды көрмесі ұйымдастырылмақ. 

Мерейтой күнінен кейін де іс-шаралар жалғасын табады. 

23 қазан күні Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі «Вальс королі» концертін көрермендер назарына ұсынады. Ағымдағы жылдың қазан айында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры композитордың шығармаларын насихаттайтын концертін, ал қараша айында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы композитордың шығармашылығына арналған мерейтойлық концерт өткізеді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қараша айында «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымының «Saz & Soul» вокалды-аспаптық тобы өз көрермендерін әлеуметтік желілерде жарияланатын мерекелік концертімен қуантады. 

Ел өңірлеріндегі филармониялар мен шығармашылық ұжымдар әйгілі композитордың мерейтойын мерекелеуге үлес қосатынын атап өткен жөн. 

Осылай, Түркістан обылысында эпидимиялогиялық жағдайға байланысты онлайн форматында өтетін жыл соңына дейін 100-ге жуық іс-шара жоспарланып отыр.