Алматы облысындағы пойыз бен автобус апатында 33 жастағы әйел мен оның екі қызы зардап шекті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зардап шеккен әйел «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкері болып шықты.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы зардап шеккен әйелдің емделуіне, әрі қарай оңалуына және материалдық тұрғыда барлық қажетті көмекті көрсетеді. Ол Алматы эксплуатациялық локомотив депосында есепші болып жұмыс істеген. Темір жол саласында 14 жылдық еңбек өтілі бар», - делінген ресми хабарламада.
Компанияның хабарлауынша, отбасы демалыстағы туыстарынан келе жатқан.
«Пойыз соқтыққанша барлық жолаушылар автобустың артқы есігінен шығып үлгерген. Ал Эльмира алдында ұйықтап жатқан екі қызымен автобустан шығып үлгермеген. Қазір олар Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық орталық ауруханасында жансақтау бөлімінде жатыр. Оның қыздары жабық бас сүйек-ми жарақатын алған. Әйелдің миы шайқалып, травматикалық шок алған, оң қолы, бұғанасы мен қабырғасы сынған. Әріптестері Эльмира мен оның қыздарының сауығып кетуін тілейді», - деп жазды баспасөз қызметі.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ арнайы комиссиясы оқиға орнына шықты. Компания басшылығы аурухана барып, зардап шеккендердің жай-күйін сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, 15 қыркүйек күні Шамалған стансасында пойыз бен автобус соқтығысты. Жолаушылар автобусы рельске шығып кеткен.
Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Оның екеуі бала.
Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істі Бас көліктік прокуратура бақылауына алды.