Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай туралы жазған мақаласы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталады. Мақаланың атауынан бірден көрініп тұрғандай, Абайдың айтқан терең ойлары, адам, қоғам, әлеуметтік орта, уақытқа сәйкес қорытқан ой-пікірлерін бүгінгі Қазақстанның тіршілігіндегі түрлі құндылықтармен және болып жатқан оқиғалармен өрелестіру мақсатында жазылғаны анық байқалады. Абай дәуірі басқа болғанымен оның айтқан ойлары, әсіресе халқымыздың түрлі құндылықтары, мінез-құлқы, ерекшеліктері бүгінгі қоғамда да өте өзекті. Қазіргі Қазақстанның жағдайында да ойланып, Абай ойларымен сабақтастыратын, кемшілігімізді жөндейтін, жақсылығымзды асыратын мәселелердің өте көп екендігін көрсетеді», - деді ғалым.
Оның пайымынша, Абайдың өлеңдерін оқып отырғанда жеке адамға арналған сияқты көрінеді. Бірақ, тұтастай алып қарағанда, Абай адамның, қазақ қоғамының халық ретінде жіберіп отырған кемшіліктерін көріп, оны әдемі сынап айта білген.
«Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой. Шамданбай-ақ шырақтар ұқсаң жарар», дейді. Демек, Абайдың өзі «менің жазғаным бір кісі, емес жалпы ұлттың мәселесі» дегенді өлеңдерінде күнтәртібіне шығарып отыр. Енді осы тұрғыдан келгенде қазіргі қазақ қоғамында Абай ойымен сабақтастыратын, өрелестіріп қарастыратын қандай мәселелер бар? Әлбетте бүгінгі қоғамыздың ахуалы, мән-жайы. Кемшіліктер болса, ол қарапайым қазақ халқына ғана айтылған нәрсе емес. Ол билікке, биілік жүйесіне де қатысты. Әрине, Абай айтып отырған жақсы мен жаман нәрселердің барлығын халықтан талап етуіміз керек. Жаманнан жирендіріп, жақсысына қарай икемдеу - Абайда тұнып тұрған ойлар. Бірақ, мұны тек қана көпшіліктен емес қазіргі басқару жүйемізден де талап ету қажет», - деді Шәкір Ыбыраев.
Филология ғылымдарының докторы Абайдың еңбек ету мәселесіне де көп назар аударғандығын атап өтті.
«Осы ұғымды алып қарағанда, әрине, мемлекет, ел, халық болып алға қарай дамуымыз үшін бірінші кезекте жаппай адал еңбек етуіміз керек. Бірақ осы еңбекке деген көзқарасы біздің қоғамызда қандай деңгейде? Еңбекке құрмет бар ма? Таза еңбекке жол ашылған ба? Еңбек адамы әділ бағалана ма? Жоқ әлде оны айналып өтіп, басқаша жолмен байып алған адамдардың еңбек адамдарынан мәртебелі ме? Қоғамда дәл сондай адамдар бағаланып отырған жоқ па? Демек еңбекті талап ету және сол еңбекті бағалауда билік жүйесі де ойлануы тиіс. Оның үстіне қоғамда пысықайлық, түрлі жолмен мақсатқа, байлыққа қол жеткізу, арыздану сияқты жаман қылықтарға жол ашылған. «Қазақтың қайсысының бар санасы, Қылт етерде дап-дайын бір жаласы. Пысықтықтың белгісі - арыз беру, Жоқ тұрса да бес бересі, алты аласы». Міне осындай құбылыстардан арылу үшін Абай ойларын қазіргі қазақ қоғамында жүріп жатқан жақсылы-жаман үдерістерімен қатар сақтастырып отыруымыз керек», - деді ол.
Ғалым «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіне де талдау жасай келе Абай заманында айтып кеткен жаман мінез-құлықтардан әлі күнге арыла алмай келе жатқанымызға қынжылыс білдірді.
«Абайдың «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ» деген сөзі бар. Бұлар жеке-жеке тұрған мінез ерекшелігі емес. Бесеуі қосылып, адамның бойында тұтас жүретін кемшіліктер. Өсек пен өтірік жүрген жерде мақтаншақтық орын алады. Мақтаншақтық болған жерде мал шашу болады. Әйтеуір мықты, керемет болып көрінейін дейтін мақтаншақтық пен мал шашу егіз құбылыс. Абай айтқан осы бес дұшпанды, кемшіліктерді қазір біз жоя алдық па? Әлбетте бұл үлкен сұрақ. Керісінше, соның кейбіреуі күшейіп бара жатқандай. Ал енді ақынның «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» дегенін тарқатар болсақ, адал еңбек еткен адам сол еңбектің нәтижесін көру үшін міндетті түрде талаптанады. Таза еңбегімен күн көрген адам қанағатшыл, адал еңбекпен күн көрген адам рақымшыл, өзге қарауға, өзгенің ауртпашылығын түсінуге бейім тұрады. Бұл бір-бірімен байланысып жатқан мінездер адам бойындағы жақсы қасиеттер. Абай айтып отырған осындай жақсы мінездерді санамызға сіңіру үшін оны бүкіл билік жүйесі де, қарапайм халық та қапысыз орындайтын қағида ретінде қабылдауы тиіс», - деді Шәкір Ыбыраев.