07 мау, 2021 сағат 18:24

Шахмат: Жігіттер – 40-орында, қыздар – алғашқы ондықта


Қазақстан әлемдік шахмат аренасында нешінші орында тұр? Бұл сұраққа орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Әнуар Есмағамбетов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ерлер мен әйелдер арасында көрсеткіштер бойынша айырмашылық бар. Ерлер құрамасы 40-шы орында болса, әйелдер құрамасы – үздік ондықта. Өкінішке қарай, балалар арасында мұндай көрсеткіш жоқ. Бірақ мен елімізде шахматшылардың жақсы буыны өсіп келе жатқанын айта аламын. Біздің шахматшы балалар әлем чемпионаттарынан медальсыз оралып көрген жоқ», - деді Әнуар Есмағамбетов.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның шахмат федерациясы ел қоржынына ең көп медаль салатын жетекші федерациялардың бірі екенін жеткізді.

«Мысалы, 2019 жылы шахматтан ресми әлем чемпионаттары мен балалар арасындағы тікелей турнирлерге шектеу болмай тұрған кезде Қазақстан құрамасы медальдар саны бойынша үшінші орынға ие болған еді. Қазақстанмен бәрі санасады. Оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, шахматшыларды шәкіртақымен ынталандырып отыру үшін, жақсы мамандарды шақыртып, ойыншылардың деңгейін көтеру үшін қолдау мен қаражат керек екенін қайталап айтқым келеді», - деді федерация басшысы.