12 нау, 2021 сағат 20:36

Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов бастаған чемпиондар кітапханаға жеке заттарын сыйлады

Қазақстанның Олимпиада чемпиондары мен өзге де танымал спортшылары елордадағы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасына жиналып, жеке заттарын сыйға тартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін Елбасы кітапханасында даңқты қазақстандық спортшылар, түрлі спорт ұйымдарында тәрбиеленуші жеткіншектер мен Парламент депутаттарының қатысуымен «Қазақстан мақтанышы» спорт-ревюі өтті. 

Елбасы кітапханасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Қазақстан мақтанышы» атты ауқымды жобаны қолға алып отыр. Жоба биылғы 8 наурызда «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 30 үздік түлегімен өткен интерактивті кездесуден бастау алды.

 

Ал бүгінгі шара барысында Олимпиада чемпиондары мен Қазақстанның атақты спортшыларының жеке заттарын Елбасы кітапханасының музейіне сыйға тарту рәсімі өтті. 

Атап айтқанда, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев әлем чемпионатында қызының төрттік сальхов жасап, Қазақстанды әлемдік қысқы спорт тарихына қосқан конькиін табыстады.

Серік Сәпиев 2009 жылғы әлем чемпионатына киіп барған формасын сыйға тартты. Грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко жеңіп алған көптеген кубоктарының бірін сый етті. Көркем гимнастшы Әлия Жүсіпова халықаралық турнирден мүсіншені, атаулы медаль мен таяқшасы бар лентаны табыс етті. Ауыр атлет Илья Ильин мұражай коллекциясын 2014 жылғы алтын медальмен толықтырды. Данияр Елеусінов музейге өзінің «алтын» бокс қолғабын тапсырды. Еркін күрес шебері Гүзел Манюрова «жеңісті» трикосын берді. Қазақ күресінен белгілі спортшы Бейбіт Ыстыбаев 2015 жылы Елбасының өзі тапсырған белбеуді ұсынды. Джиу-джитсу шебері Мөлдір Мекенбаева 2019 жылы Моңғолияда өткен Азия чемпионатының медальдарын тарту етті. Дархан Нортаев Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығының атынан Әлем чемпионатының Кубогын тапсырды. Сонымен қатар, Қазақстан байкерлер қауымдастығының президенті Дмитрий Петрухин өз олжаларын Елбасы кітапханасына өткізді.

Іс-шарада алып күш иесі, күш қолданатын нөмірлер арасындағы әлемнің төрт дүркін рекорд иесі, Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың мұрасын жалғастырушы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің еліміздегі күш мәдениетін дамыту жөніндегі өкілі Сергей Цырульников та бой көрсетті. Қонақтардың алдында ол күш өнерін паш етіп, ат тағасын майыстырды. Кейіннен тағаны музейдің қорына өткізді. 

Спорт-ревю барысында спортшылар тапсырған жеке заттар мен мұрағат материалдары Елбасы кітапханасының экспозицияларынан лайықты орын тауып, жұртшылықтың игілігіне айналады.

Сондай-ақ жиын барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатты Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат пен ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев бекітті.