Жеңіл салмақтағы қазақстандық файтер Сергей Морозов (17-5) Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өткен UFC Vegas 31 турнирінде UFC-дегі алғашқы жеңісіне жетті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Arlan MMA Pro командасының 32 жастағы өкілі екінші жекпе-жегін 29 жастағы ливандық неміс файтер Халид Тахиге (13-4-0-1) қарсы өткізді.
Кездесу соңында Морозов төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Үшеуі де қазақстандыққа басымдық берді, үш раунд қорытындысы бойынша есеп - 30:27.
Морозов үшін бұл - әлемдегі ең танымал лиганың аясындағы алғашқы жеңіс. Биыл қаңтарда ол UFC-де дебют жасаған болатын, бірақ оны ресейлік Омар Нурмагомедов (13-0) тұншықтыру әдісімен жеңіп кетті.
Енді ақтөбелік спортшының есебінде нокаутпен сегіз жеңіс, үш сабмишен және төрешілердің шешімімен алты жеңіс бар. Тахиге келер болсақ, ол UFC-де бесінші жекпе-жегін өткізіп, жеңілді. Оның еншісінде тек бір жеңіс бар.
1707 рет оқылды