Фото: Tengrinews.kz
Астанадағы интеллектуал бейнебақылау камералары жүйесі "Сергек" пен әкіпмдік арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) келісімшарты аяқталды. Оны қайта жасаспайды. Мәслихат депутаттары "Сергекті" алмастыруды мақұлдады – енді Астанадағы бейнебақылау жүйесін БАӘ-нің Presignt компаниясы басқарады, деп хабарлайды BaigeNews.kz.
Компания 2025-2030 жылдарға арналған МЖӘ жобасын жүзеге асырады. Бұл жобаға 53 млрд теңге жұмсалады.
Мақсаты – "Ақылды қала" (Smart City) концепциясы аясында инфрақұрылымды дамыту және жол қауіпсіздігін арттыру.
100% шығынды жеке серіктес өзі өтейді. Жобаның 60%-ына қазақстандық компаниялар қатысады. ОАЭ компаниясы төлемдерді тек жобаны пайдалануға енгізгеннен кейін алады. Ал қазіргі бар камералар жаңа серіктеске бір ай ішінде беріледі.
Айта кетейік, "Сергек" жүйесі Астанада 2017 жылы іске қосылған. Бұл МЖӘ жобасы болатын. Оны "Көркем Телеком" компаниясы әзірледі. Жобаны жүзеге асыруға жеке инвесторлар 8,4 млрд теңге салды.
Әкімдік инвесторларға 24,9 млрд теңге төледі. Нәтижесінде жеке инвестициялар үш есе қайтарылғаны хабарланды.