Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде сөз сөйлеген Сербия Республикасының президенті Александр Вучич дін арасындағы диалогты жолға қойған съез жұмысына жоғары баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолымыздан келгеннің бәрін де жасаймыз. 2003 жылдан бергі Қазақстан Прездентінің әлемдік дін басшыларының басын қосу туралы бастамасының арқасында барлық дін басшылары өздерінің құнды идеяларын айтып келеді. Ислам діні, Православ діні, өзге де діндердің өкілдері бас қосқан осы жерде менің де қандай мүддем бар екенін де айтқым келеді. Нақтырақ айтқанда, бәріміздің мүддеміз, міндетіміз - өркениетті қорғау. Осы форумға қызығушылық танытуымыздың себебі - бұл жерде тұрақты диалогтың болуы», - деді Александр Вучич.
Сербия Республикасының президенті әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары әрбір адамды жамандықтан құтқарып, жақсылыққа бастайтынын, рухани құндылықтарды қорғап келе жатқанын тілге тиек етті.
«Дін лидерлері қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі беделді тұлғалар болып табылады. Сондықтан, олардың айтқан идеялары, негізгі ілімдері құндылықтарға негізделеді. Геосаясат өкілдерінің дін басшыларының сөздеріне құлақ аспайтын кездері бар. Ал түптеп келгенде әлемдік дін басшыларының идеясы - халықаралық құқыққа негіз болып отырғанын айта кету керек. Әрбір адамның жеке басын сыйламайынша біз тұрақтылыққа қол жеткізе алмаймыз», - деді ол.
Еске сала кетсек, елордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтіп жатыр.
Съез барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, қауіпсіз әлемді қалыптастыру жолында конфессияаралық, өркениетаралық диалог орталығын бекітуге дайын екенін мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Ватиканның папалық кеңесіне «Дінаралық диалогқа үлес қосқаны» үшін сыйлығын табыс етті.