Сербия Президенті Александр Вучич Белградта жақын арада Қазақстан Елшілігі ашылатындығына үміт білдірді. Ол бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Саяси ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде болуы қуантады. Бұған қоса, біз халықаралық аренада да ынтымақтастықты жолға қойғанбыз. Құрметті Президент мырза, Сіздің Сербияның өмірлік маңызды ұлттық және мемлекеттік мүддесін қорғауда, әсіресе Косовоға қатысты мәселелердегі берік ұстанымызға алғысымды білдіремін. Біздің аумақтық тұтастығымызды, тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қолдағаныңыз үшін үлкен рахметімді айтамын», - деді Александр Вучич.
Сонымен қатар Сербия Президенті екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
«Алдағы уақытта ынтымақтастығымызды нығайта түсіп, тауар айналымымызды арттыратындығымызға сенімдімін. Өйткені, оған әлі пайдаланылмаған әлеуеттің жақсы іргетасы бар. Сіздер таяу арада Белградта Қазақстан Елшілігін ашсаңыздар, қуанышты болар едік. Бұл біздің үлкен өтінішіміз», - деді Сербия Президенті.
Айта кетейік, Сербия басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ресми сапармен келіп отыр. Бүгін мәртебелі мейман Ақордада Елбасымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Президентін «Достық» орденімен марапаттады.
Ал Александр Вучич Қазақстан Президентіне өз елінің ең жоғары наградасы «Сербия Республикасы» орденін табыс етті.
Сапар аясында Александр Вучич Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI сьезінің ашылуына қатысады деп жоспарланған.
Сербия Президентінің сапары барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылмақ. Оның ішінде Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігі мен Сербияның Жастар саясаты және спорт министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар.