03 жел, 2020 сағат 08:40

Сенатта қауіпті өндіріс саласындағы жұмысшыларды әлеуметтік қорғау туралы құжат қабылданды

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Аталған заңға Парламент депутаттары бастамашы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасының мақсаты - персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету саласын құқықтық реттеуді қамтамасыз ету, осындай қызметтер көрсетуге шарт жасасу тәртібін айқындау, тараптардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттерін белгілеу. Қазақстан Республикасы заңнамасындағы қарыздық еңбек сияқты еңбек түрін құқықтық реттеу қажеттілігі негізделген және уақытылы болып отыр. 

«Заң жобасы толықтай мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келеді. Заң жобасын қабылдаудан күтілетін нәтиже жұмыспен қамтудың осы нысаны бойынша негізгі ұғымдарды заңнамалық деңгейде бекіту, осы санаттағы жұмыскерлерге еңбекақы төлеу және сыйлықақы беру жүйесін нақтылау, өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тетігін ретке келтіру, қызметкерлерді, оның ішінде зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар өндірістерде жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қорғау мәселелерін шешу, тараптардың құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін белгілеуге негізделген», - деді сенатор Ақмарал Әлназарова. 

Оның пайымынша, заң жобасының қабылдануы – жұмыскерлер мен жұмысқа алушылардың қызметтерінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін қолайлы жағдайлар жасайды.