Бүгін Сенатта Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарындағы сыртқы саяси және экономикалық бірыңғай бағыты мен инвестициялық саясатты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенаттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, палата төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалық етуімен Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшелері Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллинмен кездесті.
«Бүгінде әлемдегі геосаяси ахуалдың күрт өзгеруіне және бұрын-соңды болмаған қауіп-қатерге байланысты Мемлекет басшысының сыртқы істер министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында, сондай-ақ оның соңғы уақыттағы бағдарламалық сөздерінде алға қойған міндеттерді бұлжытпай орындауы аса маңызды болып отыр», - деп атап өтті А.Шәкіров.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин сенаторларды сыртқы саясаттың негізгі бағытымен және мақсат-міндеттерімен, сондай-ақ елдің қазіргі басымдықтарымен таныстырды.
А.Рахметуллин атап өткендей, тәуелсіздік таңында қаланған Қазақстанның саяси бағытының базалық қағидатындағы сыртқы саясаттың сабақтастығы сақталып келеді және тиімділігі уақытпен дәлелденген теңгерімділік, прагматизм және ұлттық мүдделерді қорғауға негізделіп отыр.
Тәуелсіздікті, халықаралық және өңірлік ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған дағдылы сыртқы саяси бағыт та дамудың экономикалық векторына бағытталатын болады. Бұл ел экономикасына шетелдік тікелей инвестиция тарту, сондай-ақ тарифтік және тарифтік емес кедергілерді азайту арқылы қазақстандық экспортқа сыртқы нарықты кеңейту шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.
Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед кездесуді қорытындылай келіп, пандемиядан кейінгі қалпына келтіру проблемалары Қазақстанның алдына жаңа мақсаттар мен міндеттер қоятынын атап өтті. Бұл көпжақты және екіжақты дипломатияны дамыту мен жаһандық экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеруге қатысты болып отыр. Ол үшін қабылданатын шешімнің жеделдігі, тиімділігі және ресурстарды тиісінше пайдалану маңызды болады.
Сенаторлар отырыс барысында сыртқы саясаттың өзекті мәселелерін, оның ішінде халықаралық ұйымдарда қазақстандық кадрлардың орнын басу, халықаралық шарттарға мониторинг жасау мәселелерін көтерді.