31 қаң, 2019 сағат 15:28

Сенаторлар Армения мен Ресейден ескі көліктерді Қазақстанға кіргізбеуді сұрады

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында бір топ депутат соңғы кезде еліміз аумағына Ресей, Армения, Қырғызстан елдерінен көптеп жеткізіліп жатқан ескі көліктерге қатысты мәселені көтерді. Осы орайда сенаторлар тиісті шара қабылдау үшін ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Депутаттық сауалға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден сатып әкелініп жатқан әбден тозығы жеткен ескі көліктер себепші болды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бірқатар өңірімен шекараласып жатқаны белгілі. Екі ел арасында сауда-саттық жыл сайын артуда. ЕАЭО аумағындағы шекаралардан әрлі-берлі өту біраз жеңілдегеннен кейін, алыс-беріс те, барыс-келіс те жақсара түсті. Соның бір айғағы - соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында тіркелген автомобильдердің саны күрт өсуде. Бүгінде облыста 143 мыңнан астам көлік тіркелсе, соңғы бес жылда 43 мыңға өскені анықталды. Әрине, бұл қуантарлық жағдай, бірақ сол Ресейден сатып әкелініп жатқан ескі көліктер еш жерде тіркелмей, жол ережесін бұзуға әбден әуестеніп кеткені халықты және құқық қорғау органдарын әбігерге салуда», - деді депутат Нариман Төреғалиев.

Оның сөзіне қарағанда,  2018 жылы облыс аумағында 3 724 әртүрлі жол-көлік оқиғасы орын алған болса, соның ішінде 583-і шетелдік көліктерді тізгіндегендердің үлесінде. Солардың 102-сі жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен.

«Осындай көліктерге қатысты  жол ережелерін бұзушыларды анықтау өте қиынға соғуда. Оларды тіркеу немесе бақылау мәселелері заңды түрде реттелмегендіктен, қашып кеткен көліктерді іздестіру оңайға соқпай отыр және әкімшілік шара қолдану мүмкіндігі де  шектеулі. Себебі көліктің иесі шетелдік азамат, ал бізде ол машинаның иесі кім екені белгісіз. Осындай иесіз көліктер әртүрлі қылмысқа барушылар үшін де қолайлы екені даусыз», - деді Төреғалиев.

Сенатор облыста тіркелмеген шетелдік нөмірмен жүрген көліктер жолаушылар тасумен қатар, жүк тасымалымен де айналысып жатқанын жеткізді. Олар тіркелген жері бойынша техникалық байқаудан өтуге тиісті көліктер, ал іс жүзінде тек қолдарында талондары бар. Ал олардың нақты техникалық байқаудан өткенін анықтау мүмкін емес.

«Осы аталған жағдай тек Батыс Қазақстан облысына ғана тиесілі мәселе емес, бұл барлық Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен шекаралас жатқан Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Өскемен, Қостанай, Петропавл, Павлодар қалаларында және Астана қаласында орын алып отырған жағдай. Соңғы кездері Армения, Қырғызстан елдерінен де өте көп ескі жеңіл көліктер сатып әкелінуде. Шет мемлекеттерден Қазақстанға жеткізілген көліктерді тіркеуге алу қолданыстағы заңмен белгіленбегендіктен, осы ескі көліктердің санын анықтау да мүмкін болмай отыр. Бұл аз болғандай, заңсыз көліктер Моңғолиядан да әкелінуде», - деді депутат.

Статистикалық мәліметке қарағанда,  2018 жылдың 1 желтоқсанына тіркелген жеңіл көліктердің саны 4 млн 48 мың бірлікке жеткен, соның 63,5  пайызы пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер. Демек, еліміздегі автомобиль паркінің ескіруі экологиялық мәселелерді ушықтыра түсуімен қатар, экономикалық  шығындарды да еселей түсуде.

«Шетелдік «сырты бүтін, іші түтін» жеңіл көліктердің тізгініне қаншама адамның өмірі тәуелді екенін айтпай-ақ түсінуге болады. Адамның өмірі мен оның қауіпсіздігі ең басты мәселе екенін атап өткім келеді.  Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, жоғарыда баяндалғандардың негізінде осы мәселелерді реттеуге қатысты қандай шаралар қабылданып жатқаны және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Үкіметтің ұстанымы туралы ақпарат беруіңізді сұраймыз», - деді Нариман Төреғалиев.