20 қаң, 2022 сағат 12:49

Сенатор жұмыссыздық туралы деректерге сенімсіздік танытты


Республикалық бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік салаға және халықтың өмірін жақсартуға бағытталады. Дегенмен, оны тиімді пайдалануда айқын кемшіліктер бар. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында еліміздің Премьер-Министріне сауал жолдаған Айгүл Қапбарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның атап өтуінше, статистикалық деректер бойынша 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады. Ресми статистика көрсеткендей, жұмыссыздық деңгейі бүгінгі күні өзгеріссіз қалады. Бұл - 450 753 адам. Алайда, бұл сандарға сену қиын.

«Көптеген дамыған елдерде эпидемиологиялық жағдайға байланысты еңбек нарығындағы жағдай күрт өзгерді, жұмыссыздық деңгейі кем дегенде 10 пайызды құрады. Ал Қазақстандағы өзгерістер – 0,2 пайыз. Бұл сандар қоғамға да, экономикалық сарапшыларға да сенім ұялатпайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға цифрлық ойындарды тоқтатып, азаматтардың нақты өмірін жақсартуға нақты тапсырма берді. Осыған байланысты, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Үкімет халықты жұмыспен қамту бойынша қандай кешенді шаралар қабылдап жатыр деген сұрақ туындайды», - деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар Айгүл Капбарова назарын жұмыссыздықпен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігінің төмендігіне назар аударды. Есеп комитетінің деректері бойынша дағдарысқа қарсы жобалардың бар-жоғы 14% - ы ұзақ мерзімді экономикалық активтер мен объектілерді құруға бағытталған. Жұмыссыздыққа қарсы күресте жауапты органдар қысқа мерзімде әсер ететін әдістерді жиі таңдайды. Осыған байланысты сенатор осы саладағы жағдайды жақсарту бойынша бірқатар шараларды ұсынды.

«Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары көзделген қазіргі «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасына қосымша, инфрақұрылым объектілерін салу және дамыту есебінен жұмыс орындарын құру жөніндегі шараларды қамтитын «Жұмыспен қамтудың жол картасы (ЖҚЖК)» бағдарламасына бөлінген 1 трлн теңге қаражаттың дұрыс жұмсалуын қатаң қадағалау және қаржының сапалы игерілуін зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл екі бағдарлама түпкі мақсатынан ауытқымай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс», - деді депутат.