27 қаң, 2023 сағат 09:50

Жаңадан сайланған сенатор Гүлмира Кәрімова қайтыс болды

Фото:gov.kz

Сенат депутаты Гүлмира Кәрімова қайтыс болды. Қайғылы хабарды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бүгін түнде жаңадан сайланған сенатор Гүлмира Кәрімова 45 жасында кенеттен қайтыс болғанын қайғыра хабарлаймыз. Оған алдын ала «анафилаксиялық шок» деген диагноз қойылып отыр. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары мен Аппараты Гүлмира Раинбекқызының туыстары мен жақындарына көңіл айтады", - делінген хабарламада.

Гүлмира Райынбекқызы Кәрімова 1977 жылы 13 тамызда Петропавл қаласында дүниеге келген.

1998 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін "Бастауыш сынып мұғалімі" мамандығы бойынша, 2008 жылы Көкшетау университетін "Қаржы" мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ ол 2016 жылы "Педагогикалық білім беру" бағыты бойынша Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасын бітірді.

Еңбек жолын 1998 жылы Петропавл қалалық классикалық гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған.

2006 жылдан бастап директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

2010 жылдан бастап №17 ұлттық жаңғыру орта мектеп-кешенінің директоры болып жұмыс істеді.

2013 жылдан бастап Петропавл қаласының "Білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы болған.

2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Білім басқармасының басшысы болып тағайындалған.

2021 жылдың қыркүйегінен - Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы.