04 қыр, 2024 сағат 13:40

Сенатор Әли Бектаев: "Халық үніне құлақасқан жолдау"

Фото: Ақорда

Сенатор Әли Бектаев Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың биылғы жолдауы ел күтіп отырған көптеген маңызды мәселелерді қамтығанын атап өтті. Ол жолдаудың мазмұнын «Естуші мемлекеттің» нағыз көрінісі дей келе, бірнеше мәселелерге тоқталды:

1. Банктер туралы жаңа заң қабылдау жөнінде.

Ашығын айту керек, бүгінгі таңда елдегі банктер жүйесінің экономикаға жасап жатқан қызметі төмен. Олардың ішкі тірлігіне ешкім де араласа алмайды. Араласқымыз да жоқ. Өкініштісі – банктердің экономика саласындағы кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді нақты жобалар бойынша қаржыландырмауы. Мүмкін бар шығар – санаулы жобалар, таңдаулы кәсіпкерлер. Менің білетінім – орта және шағын кәсіпкерлердің олардан қаржы алуының қиындығы, пайыздық көлемінің жоғарылығы, қағазбастылықтың көптігі.

​Бірақ, банктердің барлығының да қаржылық жағдайы мықты, топ-менеджерлерінің жалақасы жоғары, триллиондаған қаржы қозғалыссыз есепшоттарында жатыр. Сондықтан да Президенттің бұл саладағы салық мөлшерін әділ белгілеу, банктердің акционерлерінің дивидендтеріне сәйкес салық төлеуі керек екендігі туралы айтқаны өте орынды. Қабылданатын заңда осы және басқа да мәселелер нақтылануы керек қой деп ойлаймын.

2. Шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде.

Президент орта бизнестің ел энокомикасындағы үлесін 2029 жылға қарай 15 пайызға жеткізу туралы Үкіметке тапсырма берді. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз ғана. Дамыған мемлекеттерде шағын және орта бизнестің үлесі 60-70%-ға дейін жетеді. Яғни халықтың басым бөлігі өз кәсібімен айналасады, өзін-өзі қамтамасыз етеді деген сөз. Президенттің айтқан тұрғындардың орта буын санатын қалыптастыру керек дегені осы. Егер тұрғындардың жартысынан астамында өз баспанасы, автокөлігі, балаларын оқытуға мүмкіндігі, өзіне жетерлік табысы болса экономиканың дамығандығының негізгі көрсеткіші де сол болмақ.

3. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша айтылған нақты мәселелер туралы.

- Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу. Шаруалардың біраздан бері айтып жүргені де осы, ұзақ мерзімге, арзан пайызбен несие берілсе – жауапкершілік те артады, мемлекеттің қаржысы да шығын болмайды.

- Ауылшаруашылығындағы статистиканы шынайыландару осы саланы дамытудың шынайы негізін қалайды деп ойлаймын. Мемлекеттік қолдаудың көбейгенімен, нақты көрсеткіштердің жақсармауының себебі де осында жатыр.

- Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өндіруге, өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру – ауылшаруашылығы өнімдері көлемінің артуына, бағаның төмендеуіне оң әсер ететіні даусыз. Ауыл азаматтарының, жақсы қолдау болса, есігінің алдындағы шаруашылықпен өзін де, өзгені де көкөніспен, бау-бақша өнімдерімен, ет, ірімшік, сүт–маймен қамтамасыз ететін мүмкіндігі толық бар. Тек оларды сатып алу, сақтау, нарыққа шығару инфрақұрылымын жасау керек.

Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың биылғы жолдауында, қаржы-несие, салық саясатына, индустрияны дамытуға, инфрақұрылымды, кадрлық әлеуетті арттыруға, экология, медицина, білім, спорт салаларына қатысты көптеген маңызды тапсырмалар беріліп, нақты мақсаттар белгіленді. Солардың заңнамалық негіздерін қалыптастыру бойынша зор жауапкершілікті ҚР Парламентінің депутаттары да толық сезінеді деп айта аламын.