12 жел, 2019 сағат 10:52

Сенат міндетті әлеуметтік сақтандыруға қатысты заңды қабылдады

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңын қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Құжатта еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде қолданылатын параметрлер қайта қаралды. Бұл төлемді орташа есеппен 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Заң жобасының негізгі ережелері мыналарды көздейді: медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу арқылы жалпы еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін куәландыру және белгілеу негізінде еңбекке қабілеттілігін жоғалту коэффициентін айқындаудың жаңа тетігін енгізу; міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қатысу өтілінің қол жеткізілген коэффициентін жыл сайын арттыру; асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеген кезде асырауындағылар санының қолданыстағы коэффициентін арттыру; жұмыстан айырылу себептеріне қарамастан 6 айға дейінгі мерзімге жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау арқылы жұмыстан айырылу жөніндегі әлеуметтік төлемдерді есептеу тетігін жетілдіру.

«Жалпы алғанда, заң жобасы азаматтардың ресми жұмыспен қамтылуына ынтасын арттырып, жұмыс істейтін халықтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамтылуына ынталандыруға септігін тигізеді деп сенеміз. Заң жобасын жүзеге асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржыны талап етпейді және кері әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, екі оқылымда қабылданды.

Заң жобасында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысанындағы студенттерге мемлекеттік жәрдемақы төлеу ұсынылады. Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 балаға – 74 388 теңге.

Кепілді әлеуметтік пакетті ұсыну аясында 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасыларының балаларын азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету ұсынылады, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі.

«2020 жылдан бастап көрсетілетін қызметті алушы мен өнім берушінің тікелей өзара іс-қимыл жасауы үшін цифрлық алаңды қамтатасыз ететін (мүмкіндігі шектеулі адамдарға) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталын қосуды көздейтін толықтырулар енгізіледі. Бұл ретте мүгедектігі бар адамдар өздерінің жеке қажеттіліктетіне сәйкес келетін өздеріне тиесілі неғұрлым сапалы техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін дербес таңдай алады», - деді сенатор Нұртөре Жүсіп.

Сонымен қатар жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімін 2020 жылдан 2023 жылға ауыстыруға бағытталған түзетулер де енгізіліп отыр.