15 мау, 2017 сағат 12:59

Сенат Қырғызстанға $100 млн. көмек бөлу туралы келісімді ратификациялады

ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық ықпалдастық жағдайында экономикалық әріптестікті дамыту келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы шарттар 2016 жылы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісіммен бекітілген. Ол бойынша Қырғызстанға $100 млн. көмек бөлу қарастырылған», - деді ҚР Ұлттық эккономика министрі Тимур Сүлейменов.

Келісімнің 2 және 3-баптарын іске асыру үшін Көмек көрсету тәртібі мен Техникалық жәрдем көрсету іс-шаралар тізбесі (шығындар сметасы) әзірленді. Тәртіпке сәйкес, көмек бірнеше транштармен беріледі. Аталмыш көмек Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы бойынша «Жол картасының» іс-шараларын жүзеге асыру үшін бөлініп отыр.

Оның сөзінше, «Жол картасы» бойынша Қырғызстан мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында орналасқан шекара бекеттері жаңартылып, Қырғыз Республикасының санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық жүйелерін ЕАЭО талаптарына сәйкестендіру көзделіп отыр.

Қаржылай көмек кезең-кезеңмен бөлінеді. Келісімде көмек ретінде бөлінген қаражаттың тиісті жұмсалуын қадағалауға бағытталған арнайы xаттама қабылдау да қарастырылған.