07 қаз, 2016 сағат 13:34

Сенат 2016-2018 жылдарға арналған республикалық қаржыны есептеді

Еліміздің қаржы саласындағы табыс биылғы жылы біршама өскендігі байқалады. Республикалық бюджет табысы 2016 жылы 834,9 млрд теңгеге өсіп, 4,2 трлн теңгені құрады. Және Сенат депутаттары «2016 - 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтыруларды да бекітті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі BAQ.kz порталына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқаруымен өткен сенаторлар отырысында Жоғарғы Палата «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы» заңға түзетуді қабылдады.

Сонымен қатар, Сенат депутаттары 2016 жылғы республикалық бюджеттің болжамды шығындары осыған дейінгі жоспарға қарағанда 379,9 млрд теңгеге көбейіп, 8,647 трлн теңге деп есептелгендігін айтты.

Қосымша бюджет қаржысынан 283,4 млрд теңге экономикалық өсімді ынталандыруға, 70,2 млрд теңге ел қауіпсіздігін арттыруға және тағы 136,4 млрд теңге басқа да жобаларды атқаруға жұмсалатын болады.

Сенат болжамы бойынша, 2016 жылы республикалық бюджет тапшылығы бұрынғы күйінде қалады, яғни 902,7 млрд теңгені немесе ЖІӨ-нің 2%-ын құрайды.

«Бүгінгі қабылданған заңдар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Үкімет алдағы уақытта заңдарға енгізілген өзгерістерге сәйкес тиісті шараларды орындайды және депутаттар айтқан ұсыныстарды ескереді деп біз сенеміз" - деді Төраға Қ.Тоқаев отырыс барысында.

Сондай-ақ ведомство, Ұлттық қордан республикалық бюджетке баратын кепілдендірілген трансферт 2,479 трлн теңгеге дейін төмендеді. 2016 жылғы бюджетке түсетін табыс көлемі мен Ұлттық қор қаржысын сақтау мақсатында осындай шешім қабылданған.