19 нау, 2021 сағат 10:40

Семейдегі атауы жоқ даңғылға Назарбаев есімі берілетін болды

Семей қаласындағы атауы жоқ даңғылға Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілетін болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін шаһар басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен қалалық мәслихаттың кезектен тыс бесінші сессиясы өтті. Отырыс барысында төрт мәселе қаралды. Алғашқы үшеуі ведомствоаралық комиссиялардың құрамы жөнінде болса, төртіншісі – Қарағайлы жаңа ықшамауданындағы даңғылға Тұңғыш Президенттің есімін беру жайлы болған. 

Даңғыл Қарағайлы ауданындағы «Семей-Павлодар» тасжолынан бастау алады. Сол жағында көпсалалы мәдени-спорт кешені, Назарбаев Зияткерлік мектебі, ал оң жағында жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер мен балабақша орналасқан. 

«Болашақта мұз айдыны кешенін, білім және технологиялар трансфері мектебін ашу жоспарлануда. Серуендеу аумақтары, қоғамдық тамақтану орындары, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынбақ. Бұдан бөлек, өшелерді жарықтандыру, орындықтар, қоқыс жәшіктерін және шағын сәулет нысандарын орнату қарастырылған», - деді Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Сессия барысында барлық мәселе бойынша шешімдер бірауыздан қабылданды. Енді Қарағайлы көшесіне атау беру туралы түпкілікті шешімді республикалық ономастикалық комиссия қабылдайды.