Семей қаласында «Абай музейінің ғылыми тұжырымдамасы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ұлы ақынның 176 жылдығына орай ұйымдастырылған басқосуға зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар мен ақын-жазушылар қатысты. Олар өзіндік ой-пікірлерімен бөлісіп, ғылыми бағыттағы музейдің жоспарымен және атқарылатын шаралардың мән-мазмұнымен танысты.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың хәкімге арналған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек» деген болатын. Соған орай қорық-музейдің жаңа ғылыми тұжырымдамасы дайындалды. Ол 7 бағыттан тұрады. Әр бағытта Абайға қатысты мәселелер талданып, ұсынымдар жазылады», - деді музей директоры Тұрдықұл Шаңбай.
Сонымен қатар бүгінгі айтулы күнде музейде ҚР Суретшілер одағының мүшесі Нұрбұлан Өтепбаевтың «Көргенім... Көңілдегім...» көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеде суретшінің 60-қа жуық картинасы мен музей қорында сақтаулы туындылары қойылған.

