25 мам, 2021 сағат 15:48

Семей тұрғыны жылыжайда марихуана өсірген


Семей қаласында жылыжайда марихуана өсірген ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына 34 жастағы қала тұрғынының есірткі заттарын сақтайтындығы туралы ақпарат түскен. Полиция қызметкерлері ер адамның үйіне барып тексеру жұмыстарын жүргізді. 

«Оның үйінің ауласындағы жылыжайдан ерекше иісі бар өсімдіктің сегіз бұтағы тәркіленді. Сонымен қатар теледидар астындағы тартпадан жасыл түсті зат салынған полимер қапшық табылған. Сараптама нәтижесінен анықталғандай, бұл жалпы салмағы 6,4 граммды құрайтын кептірілген марихуана болып шықты», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.