Ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында қаладағы 56 мектептің оқушыларына Абай шығармаларын терең ұғынуға үлкен мүмкіндік туды. Аталған мектептерде «Абай әлеміне саяхат» клубы ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Семей ақпарат орталығына сілтеме жасап.
Клубтың мақсаты - жас ұрпақтың бойына елін сүюдің рухани дәнін сіңіру. Клубты құрушылардың пікірінше, «Абай әлеміне саяхат» жастардың бойында ұлттық бірегейліктің саналы түрде қалыптасуына ықпал етеді. Ең алдымен халқыңды сүю, ана тіліңді білу, ұлттық дәстүрлерді бар сана-сезіміңмен қабылдау, ұлттық сана жайлы түсінік қалыптастыру, әрине, Отаныңды, өз отбасыңды қадірлей білу. Осындай асыл қасиеттерді ақын өзінің өлеңдері мен шығармаларында, қара сөздерінде тынбай насихаттады.
Клуб мүшелері жұмыс барысында Абай өлеңдерінен 70 сөз, қара сөздерінен 45 ой-тұжырымды жатқа білуі тиіс.
Аталған клуб бірінші рет өткен жылдың 20 қараша күні Т. Аманов атындағы орта мектепте ашылғанын айта кету керек. Онда клубтың мерейтойына орай «Абай деп соққан жүректер» деген атпен қалалық семинар өткен еді. Семинарға қала мектептерінің мұғалімдері, ата-аналар, барлық оқу ордалары директорларының орынбасарлары қатысты. Кездесуде «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген тақырыпта шеберлік сағаты, «Ақынның қара сөзі-жеке тұлғаның қалыптасыуындағы жолбасшы» атты Абай әлеміне терең бойлауға бағытталған жобалық оқу өткен. Сол басқосуда Абайдың әдеби мемориалдық музейі және Абай атындағы кітапхана «Абай - дана, дара тұлға» атты экспозиция көрсетілді.
Бүгінде «Абай әлеміне саяхат» клубы мүшелерінің саны күн санап артып келеді. Абай еңбектеріне деген қызығушылық тек мұнымен ғана шектеліп қалмақ емес. Шығыс Қазақстан облысы оқу орындарында «Абайтану» курстары енгізілді. Ақынның туғанына 175 жылдық мерейтойын өткізу бойынша қоғамдық кеңестің отырысында 10 қаңтардан бастап облыс мектептерінің 5-8 сыныптарында, колледждердің «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша оқып жатқан бірінші курс оқушыларына «Абайтану» элективті курсы енгізілгені айтылды. Облыстың 277 мектебі мен екі педагогикалық колледжінде «Абайтану» кабинеттері ашылды.
«Абай әлемі» әдеби жобасын іске асыру жалғасуда. Қазақ жазушыларының шығармалары енген қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде шығатын 21 мын данамен тарайтын 20 кітаптың тізімі бекітілді. ШҚО-да - 500, Ұлыбританияда, Ресейле, Түркияда, Польшада, Қытайда - 24 халықаралық, жиырмаға жуық шара республикалық деңгейде өткізіледі деп жоспарланған. Оларды ұйымдастыруға өңірдегі ЖОО, ғылыми және мәдени ұйымдар, ҚР Жазушылар мен суретшілер одағы, ҮЕҰ, жастар тартылады.
Осы шаралардың барлығы ғасырдан астам уақыт өтсе де Абай еңбектерінің өзектілігі, маңызы күні бүгінге дейін жойылмағанын, адамзат өркениетінің шамшырағы болып жасай беретін аса құнды мәдени мұра екенін айқындай түспек.