06 там, 2018 сағат 16:21

Сайрагүл Сауытбай үкіметтен қандай көмек сұрады?

Шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыпталып, сот залынан босап шыққан қандасымыз Сайрагүл Сауытбай Қазақстан үкіметінен көмек сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы фейсбуктегі парақшасында Сайрагүл Сауытбаймен тікелей эфирде сұқбат ұйымдастырған еді. Әңгіме барысында қандасымыз ел үкіметінен көмек сұрады. 

"Күйеуім мен екі баламның бас амандығы қатты мазалайды"

"Менде қазір қолымда тек "пана іздеуші тұлға" деген куәлік бар. Оған рақмет. Енді үкім күшіне енгеннен кейін, құзырлы органдардағы ағаларымыз босқын куәлігін, одан әрі азаматтық алуға көмектессе деген тілегім бар", — деді Сайрагүл Сауытбай.

Осы орайда ол қазір өзін мазалап жүрген мәселеге тоқталды. 

"Қазір менің бас амандығымның өзі үлкен мәселе болып тұр. Тек менің ғана емес, жұбайым мен екі кішкентай баламның бас амандығы да мені қатты мазалайды", — деді қандасымыз. 

Сұқбат барысында белгілі болғандай, адвокат Абзал Құспан Сайрагүл Сауытбайдың бас амандығын қорғау туралы құзырлы органдарға өтініш жолдаған.

Сайрагүл Сауытбайдың ісі 

Еске сала кетсек, екі жыл көрмеген отбасымен қауышу үшін шекараны заңсыз кесіп өтіп, түрмеге түскен қандасымыз Сайрагүл Сауытбайдың тағдырына барша қазақ жұрты алаңдаған еді. Қытай азаматын осы жылдың мамырында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері  "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен үйінен ұстап алып кеткен.

Белгілі болғандай, ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келгісі келіпті. Алайда, Сайрагүлдің айтуынша, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Сондықтан Қытай оны жібермей қояды. Ал жұбайы мен балалары Қазақстан азаматтығын алған. 

Этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға қатысты сот үкімі 1 тамызда шықты. Алматы облысының Панфилов аудандық соты қандасымызды 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Ол Қытайға берілмейді. Тек алты ай күйеуінің мекенжайы бойынша пробациялық бақылауда болады.

Сайрагүл Сауытбайға азаматтық беріле ме?

Бірінші кезекте, босқын мәртебесін алу керек. Бұл мәселе кемінде үш ай қаралады. Келесі қадам —  Қазақстан азаматтығын алу. 

"Сайрагүл Сауытбайға көші-қон полициясы берген куәлік Қазақстанның азаматтығын алуды тездетуге көмектеседі. Азаматтық алуға байланысты барлық құжат тиісті органдарға тапсырылды, өтініштер жазылды. Ендігі кезекте бұл мәселе ҚР президенті жанындағы мемлекеттік комиссия тарапынан шешіледі", — дейді адвокат Абзал Құспан.