22 жел, 2020 сағат 10:45

Сайлау: Дауыс беру бюллетені қалай толтырылуы керек?

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев сайлау күні дауыс беру бюллетені қалай толтырылуы керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Орталық сайлау комиссиясымен бірге «ҮЕҰ академиясы» білім беру жобасы шеңберінде сайлауды байқау негіздерін түсіндіруге арналған семинар өткізіп жатыр. Отырысқа онлайн режимде 500-ден астам адам қатысуға ниет білдірген. Жиында сайлауды байқау негіздері түсіндіріліп жатыр. 

«Сайлаушы өзі дауыс беретін партияның бос шаршысына белгі қояды. Бюллетенге қарындашпен дауыс беруге болмайды. Сонымен қатар ол бюллетен қандай да бір түзету енгізу мақсатында шимайланбауы, бүлдірілмеуі керек. Толтырылған сайлау бюллетенін сайлаушы дауыс беретін жәшікке салып, сайлау учаскесінен шығып кетеді», - деді Ерлан Дауылбаев.

Оның айтуынша, сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру нысанына кіретін және шығатын есікті, дауыс беру бюллетендері салынатын жәшікті бақылап отырады. Мұндағы мақсат – кабиналарда бюллетендердің немесе басқа да заттардың қалып кетуіне жол бермеу. 

«ҚР ОСК қаулысына сәйкес, сайлау күні облыстың аудандарында тұратын сайлаушыға үш бюллетен беріледі. Олар: Парламент Мәжілісінің сайлауы бойынша бір бюллетен, облыстық мәслихаттың сайлауы бойынша бір бюллетен, қалалық немесе аудандық мәслихаттың сайлауы бойынша бір бюллетен. Республикалық маңызы бар қалалардағы сайлаушыға екі бюллетен беріледі. Олар: Парламент Мәжілісінің сайлауы бойынша бір бюллетен және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалық мәслихаттың сайлауы бойынша бір бюллетень», - деді ол.